«Болашақтан» тағы шу шықты

0
160

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығында тағы да шу шықты. Түлек, «24KZ» арнасында жүргізуші қызметін атқарған Валерия Гавриленко білім алған мамандығы бойынша елде қызмет істеудің орнына неліктен оқуын бітер-бітпесте Англияға көшіп кетті?

Оның оқуына төленген 30 млн теңгенің неліктен кепілгерлер қайтаруы тиіс?

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжалдың шешімін табу үшін ОКҚ қызметкері Мақпал Дәрібаева мен «Хабар» телеарнасының редакторы Наталья Воробьева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желі арқылы видео жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Видео авторларының айтуынша, 2016 жылы олар «Болашақ» грантын иеленген ҚР азаматшасы Валерия Гавриленкоға кепіл ретінде қол қойған. Алайда, Валерия келісімшарт шарттарын орындамай, Англияға қайта көшіп кеткен. Келісімшарт талабы бойынша, түлек білім алған мамандығына сай елімізде 5 жыл (республикалық маңызы бар қалаларда 5 жыл) жұмыс істеуі тиіс еді.

Ең сұмдығы, Наталья Воробьеваның айтуынша, түлек Валерия Гавриленко «Болашақ» қызметкерлерімен сөз байласқан. 2019 жылы орталық қызметкерлерімен сөз байласып, екі пәтерін кепілден заңсыз шығарып алғаны белгілі болды. Оған мына құжат дәлел:

Жылжымайтын мүлікті кепілден босатуға рұқсат беретін ресми құжатқа «Болашақ» ХБО бірінші басшысының қолы қойылған. 2021 жылы, яғни екі жылдан кейін ғана «Болашақ» өз құжатын заңсыз деп танып, Гавриленконы стипендиядан айырды. Содан кейін оқу ақысын өтеуді талап еткен.

«Бірақ ол елге көптен бері аяқ баспағандықтан және Орталық кепілге алған пәтерді құжат жүзінде қайтарып қойғандықтан, 2024 жылы, үш жылдан кейін, Орталық оның 30 млн теңгелік қарызын бізден, кепілгерлерден өтемекші», — деді Воробьева.

Гавриленконың әлеуметтік желідегі жеке парақшасын тексерген жан оның қазір Лондонда тұрып жатқанына көзі жетеді.

Қазіргі уақытта редакция Халықаралық бағдарламалар орталығынан түсініктеме сұрады.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.