Мектептегі «банкет жырын» кім тоқтатады?

0
821

Білім саласында енді санаулы күннен соң тағы бір “бұрқ” ететін жағдай — мектеп бітіруге байланысты өтетін банкеттер. Жыл сайын бітіруші түлектерге қатысты келеңсіз оқиғалар сондай банкеттерден кейін орын алатыны бар.

Ескертеміз, бұл жерде бүкіл мұғалім, барлық сынып жетекшісі емес, еліміздегі кейбір мұғалімдердің әрекеттері туралы айтылады. Әйтпесе, әлеуметтік желіде кейбір мұғалімннің  «мұғалімге күн көрсетпейсіңдер» деп тулап, өзгелердің де ашуын оятататыны бар.

Қазір ата-аналар чатында сол банкетке ақша жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Банкет өтетін ресторан-кафе таңдалып, ұл-қызының сол күні не киетіні, банкет қандай сценариймен өтетіні, банкеттен кейін түлектер таңды қарсы алу үшін қайда баратыны, банкетке қандай көліктің кортежімен түлектердің келетіні анықталып, ақшасы есептелуде.

Мұндай дүниелерді кім ұйымдастырады? Әрине, сыныптағы ата-аналар комитетінің басшысы ұйымдастырады. Ал біле білсеңіз, кез-келген ата-аналар комитетінің басшысы сынып жетекшісімен тікелей байланыстағы белсенді кісі.

Банкет ұйымдастыру жұмыстарына сынып жетекшісінің еш қатысы жоқ дегенге сенесіз бе? Бар болғаны сынып жетекші әлгі белсенді шешеге нені қалай жасау керегін ақырын сыбырлап қояды да, өзі перденің артында тұрады.

Неге перденің артында тұрады? Ақша жинау туралы шу шығып кетсе, сынып жетекшісі “ата-аналар өздері ұйымдастырып жатыр, менің түк қатысым жоқ” деп басын арашалап алады.

Ал шындығында банкеттің өтуі сынып жетекшісі үшін өте маңызды. Өйткені мектеп бітіріп, алып-ұшқан оқушылары ресторанға мұғалімін міндетті түрде қонақ етіп шақырады. Ал қонаққа келген, телегей теңіз білім берген мұғалімі кафенің тамағын ішіп, үйіне қайтса, ұят емес пе?

Сондықтан ата-аналар банкет күні балалардың атынан сынып жетекшіге міндетті түрде сыйлық береді. Сыйлық дегеніміз бума гүл, бір қорап шоколад емес, бағалы сыйлық болары сөзсіз. Қымбат ыдыс жинағынан бастап, алтыннан жасалған бұйым сынып жетекшісіне тарту етіледі.

Оқушыларының банкет өткізуі мұғалімге осы үшін ғана керек. Оң-солын әлі танымаған оқушыларының кортежбен қаңғып, ресторанда той жасағалы жатқан жоспарын білсе де, сынып жетекші де, басқа мұғалімдер де мұның заңсыз екенін айтып, тиісті мекемелерге хабарласып, алдын-алу жұмыстарын жүргізбейді. Неге?

Ал мектеп бітіру кешіне кортежбен келе жатып, жол апаты бола қалса, немесе банкетте төбелес орын алса, таңды қарсы аламыз деген жастар арасында қыз зорлау сынды оқиға бола қалса, мұғалім бүкіл кінәні ата-ана мен оқушыға аударып, өзі кінәсіз кейіпке ене салады.

Соңғы қоңыраудан кейінгі қайғылы жағдайға байланысты жазған мақаламызға пікір білдіргендердің 99 пайызы “ата-ана кінәлі, мұғалімнің қатысы жоқ” деп жазды. Иә, мектептен тыс жерде баланың жасаған қателігіне ата-ана жауап беруге тиіс. Алайда сынып оқушылары өткізетін   іс-шарадан қалайша сынып жетекшісі хабарсыз болады? Сіз бұған сенесіз бе?

Бітіруші түлектің ата-аналары ұйымдастырып жатқан кортеж, банкеттердің дұрыс емесін ескерту мұғалімнің міндеті емес пе? “Бізді тыңдамайды” дейтін мұғалімдер неге дабыл қағып, “банкет өткізгелі жатыр” деп тиісті орындарға хабарласпайды?

Бала өміріне шын жаны ашитын, оқушысының қауіпсіздігін ойлайтын білімді ұстаз “баламның қуанышы” деген қисынсыз желеумен желпілдеген ақымақ ата-анаға тоқтау салып, қажет болса, тиісті орган қызметкерлеріне хабар береді. Міне, сонда ғана жыл сайын бітіруші түлек оқушылары пәле-жаласыз, қайғылы оқиғасыз үлкен өмірге қадам басар еді.

Хақназар САДЫРХАН,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.