Мәсімов Президенттен кешірім сұрады

0
212

ҰҚК-нің бұрынғы басшысы биыл наурыз айында кешірім жасау туралы өтініш білдірді.

Мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов кешірім жасау туралы өтініш берді, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Informburo.kz сайтының сауалына берген жауабында.

Қазір Кәрім Мәсімов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында отыр.

«Шынында да, осы мекемеден ол 2024 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасы президентінің атына кешірім жасау туралы өтініш жолдады», – делінген хабарламада.

Онда Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)») және 366-бабы, 4-бөлігі («аса ірі мөлшерде пара алу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Еске салайық, Кәрім Мәсімов 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде ұсталды.

2023 жылғы сәуір айының соңында Астанадағы сот Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті күштеп басып алуға тырысқаны, билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырды.

Мәсімов үкімге қарсы шығуға тырысты, бірақ апелляциялық саты жаза мерзімін өзгеріссіз қалдырды.

Фото интернеттен алынды.