Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірген кім сонда?
Кеше өткен кассациялық соттан кейін Бишімбаевтар түрлі жағдай туралы ашылып сөйлей бастады деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы.
Осыған дейін ағасы Қуандықтың сотын жібермей қатысып жүрген қарындасы Аружан Бишімбаева жұртты ойға қалдыратын пікірлерін ортаға салды.
Соттан кейін тілшілермен тілдескен Аружан: «Қуандық адам баласына қол көтеру былай тұрсын, дауыс көтермейтін жан. Әлі күнге дейін ойлаймын, оны Салтанат осындай жағдайға қалай жеткізді?» деп күйініші мен таңданысын жасырмады.
«Салтанатпен ажырас деп қаншама рет айттық. Тыңдамады. Қуандық ағамды жазаламай, бостандыққа шығаруы керек еді. Ол — айналасындағылардың немқұрайдылығының құрбаны болды. Оның (Салтанаттың- ред.) ата-анасы алаңсыз Павлодарда жатты, ағасына да бәрібір болды.
Оған қамқоршы болған жалғыз адам — Қуандық болды. Оны бақытты ету үшін Қуандық бәрін жасады. Ал қазір соның кесірінен түрмеде жатыр. Ол (Салтанат — ред.) Қуандықтың ұрғанынан өлмеді. Ұрғаннан адам өлмейді.
Ол Қуандықты қалай қорлап, езді. Бұл туралы ешкім ойланбайды, айтпайды. Ал біз соның бәрін көрдік» деген Аружан Бишімбаева марқұм Салтанаттың ағасына сөзбен шүйлікті.
«Сол күні Салтанат ағасына хабарласты. Неге ол қайта хабарласып, оған не болғанын білмеді? Үздіксіз хабарласып, жағдайды білмеді. Көлігіне отыра салып, жетіп бармады. Неге?» деді Қуандықтың қарындасы.
Егер Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанатты ұрмаса, тепкілеп, сүйремесе, сонда Салтанат қалай өлді? «Ұрғаннан адам өлмейді» дейді Аружан. Олай болса, Салтанат неден көз жұмды? Ағасы жазықсыз болса, Қазақстан заңы неге оны түрмеде қамап, ұстап отыр? Бәлкім, бұл сұрақтардың жауабын сіз білерсіз, құрметті оқырман?
Фото ашық дереккөзден алынды.