Журналистің қолына билік беру керек

0
123

Жылда 28 маусым елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесін атап өтеді.  Журналистер қауымы жыл он екі ай атқарған еңбегінің жемісі мен жеңісін татып, ел алдында бір марқайып қалатын күн.

Соңғы жылдары осы күні еліміздің әр облысында жүріп-ақ елдің үнін билікке жеткізетін, қоғамның қатпарын қопара сөз ететін үздік журналистерді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдап, марапат тапсыру дәстүрі қалыптасып келеді.

Еңбегі бағаланған БАҚ өкілдеріне пәтер кілтін тапсыру үрдісі басталғалы да небары жыл толды. Басқа сыйлық – бір төбе, пәтер алу – бір төбе. Ұлттық мәселені көтеріп, жаны жүдеуге жәрдемші боп жүрген журналист баспаналы боп жатса, сөз бостандығына жасалған құрметтің үлкен осы емес пе?!.

Теледидардан тап-тұйнақтай боп отырғанға, радиодан саңқылдап сөйлегенге, әлеуметтік желіде үнемі ел аралап, жер аралап жүргенге былайғы жұрт журналистерді қағанағы қарық, сағанағы сарық деп ойлайды.

Елдің проблемасын шешіп, әкімнің апшысын қуырып жүргенімен, көп тілшінің пәтер сағалап, жатақхана жағалап жүргенін екінің бірі біле бермейді. Жас тілшілер ғана емес, кексе журналистің біразы тапқан айлығын шайлыққа жеткізе алмай, қоңыртөбел тіршілік кешіп отыр.

Журналистке пәтер кілті тапсырылып, өңіріне орден-медаль тағып жатса, әлеуметтік желіде жан-жағын түрткілеп отыратындардың айы оңынан туып, тиісетін тақырып тапқанына қуанып шыға келетіні бар.

«Тілшілерге пәтер бергенше, мұғалім мен дәрігерге үй бермей ме?», «Ерен еңбек сіңіру үшін не істеу керек?» деген сияқты қитұрқы сұрақтың шетін қылтитып, бөстекі әңгіменің шаңын қағады.

2023 жылы әлемде 45 журналист кәсіби міндетін атқарып жүріп қаза тауыпты. Дүние жүзі бойынша 521 тілші түрлі себептермен қамауға алынып, негізсіз істі болған. Тек Қытайдың өзінде ғана 121 журналист тұтқынға алынып, қамалған.

Беларусь елінде 39 БАҚ өкілі темір торға тоғытылды. Көршілес Ресейде 28 журналистің үстінен қылмыстық іс қозғалды, оның екеуі АҚШ-тың ірі баспасөз құралының қызметкері.

Бізде де былтырлары бірнеше журналистке шабуылдар жасалып, дүние-мүлкін бүлдіріп кеткен оқиғалар тіркелді. Кейінірек оны істегендер халықты билікке қарсы қоймақ боп әрекет еткендері анықталды.

Ширек ғасыр сыбайластық пен жемқорлық дендеп алған қоғамды өзгертпек ниетпен Мемлекет басшысы үкімет мүшелерін БАҚ өкілдерінің сынына назар аударуға шақырды. Президенттің пәрмені әсер етіп, бірнеше журналист парламент пен сенатқа өтіп, өткір мәселелер ашық қозғала бастады.

Бұрынғыдай емес, облыстық деңгейде де тілшілер өңір басшысына қатысты сыни материалдарды әлеуметтік желілерде батыл қозғайтын дәрежеге жетті.

Мойындауымыз керек, мамандығына нұқсан келтіріп алатын да журналистер бар. Тілші де ет пен сүйектен жаралған пенде. Оның да жеке өмірі, өзгеше проблемасы, досы мен дұшпаны болады.

Қоғамның дертін жүрегінен өткізіп, миымен қорытатын журналистің де жүйкесі сыр беруге қақылы. Оның сыртында хайп, тренд деген «жұқпалы дерттің» де әсері түймедейді түйедей етіп, түзуді қисайтып көрсетеді. Тоқсан тоғыз жақсылығыңды көрсе де, бір ғана жамандығыңды кешірмейтін қалың жұрт кеше ғана арашаға түсіп, қорғаны болған тілші байғұсты аямайды…

«Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп Шерхан Мұртаза суреттегендей, журналистер қауымы қай қоғамда да көрген қызығынан татқан шыжығы асып түсетін жауынгер жұрт.

Шығармашылықтың машақаты, БАҚ жұмысының жауапкершілігі, айтқан сөз, жазған жазудың сұрауы – кез-келген тілшінің мойнына киілген қамыт.

Журналист болу, жұрт ойлағандай «отырдың да жаза салдың, тұрдың да айта салдың» дейтін тірлік емес. Бір сөйлем жазсаң да – жаныңды жеп жазасың, бір сөз айтсаң да – біліміңді сығып айтасың!

Қазақстанда 5 659 бұқаралық ақпарат құралы ресми тіркелген екен. Оның 5 366-сы – отандық БАҚ, ал, 293-і – шетелдік. 3 927 мерзімді басылым, 202 телеарна, 88 радио, 627 ақпарат агенттігі мен әлеуметтік желідегі сайттар саны – 522.

Бір кездері елімізде университет ашу сән болған. Екі компьютер, төрт мұғалімі бар оқу орындары да мемлекеттен қаржы алып, кәдуілгідей студент даярлады.

Саны бар, сапасы жоқ сол университет-сымақтардың бәрінде бір-бір журналистика факультеті болды. Сол кездері сары басылымның куәлігін шошаңдатып, «Мен – журналистпін! Жазып жіберем, бұзып жіберем!» деп қоқаңдайтындар да табылды.

Міне, сол кезде елде «Тілші болу жақсы кәсіп екен-ау!» деген түсінік пайда болды. Рас, дамыған елдерде журналистер жақсы тұрады. Өйткені, оларда журналистика – шын мәнінде төртінші билік…

«Журналистке пәтер берген дұрыс па?» деген сауалға қайта оралсақ, журналистке пәтер беріп қана қоймай, белгілі бір дәрежеде билік те беріп қойған дұрыс болады. Найза шеше алмайтын мәселені – қалам шешеді.

Баспанасыз жүрсе де, басалқы сөз айтып, қоғамды бүтіндеп жүрген, өзінің проблемасын тұншықтырып, өзгенің мәселесі үшін шырылдап жүретін журналистерді неге елеп, ескермеске?! Журналист өз басындағы мұңын шақса, қара тас та солқылдап жылар еді, бірақ, ол – халықтың үнін ғана жеткізеді…

Қанат ЕСКЕНДІР, журналист.

ınbussines.kz сайтынан.

Фото интернеттен алынды.