Си Цзиньпиннің сапары: Қазақстандағы кездесуден не күтеміз

0
158

Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің алдында Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқан екі ел қарым-қатынасы одан әрі тереңдей түспек. Бір-біріне басты сауда-экономикалық серіктеске айналған қос мемлекеттің басшыларының кездесуінде қандай мән бар? 

32 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1992 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Осы аралықтан бері екі ел арасындағы байланысты нығайту мақсатында көптеген құжаттарға қол қойылды. 1995 жылы Қытай үкіметі ядролық держава ретінде Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берсе, 1999 жылы екі мемлекет арасындағы шекара мәселесі толығымен шешілді.

«Шанхай бестігі» шеңберінде 1996 жылы Шанхайда және 1997 жылы Мәскеуде қол қойылған шекаралық аймақтағы әскери салада сенім орнату және шекаралық аймақтағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімдерге сәйкес, қос тарап шекаралық аймақта орналасқан қарулы күштерді қысқартуға және олардың жағдайын жыл сайын бірлесіп тексеруге келісті.

Одан кейін бұл байланыстар тереңдеп, қазір екі ел экономикалық тұрғыда бір-бірінің басты серіктесіне айналды. Мәселен, 1992 жылдан бастап 2021 жылға дейін Қазақстан-Қытай арасындағы сауда айналымы 368 млн АҚШ долларынан 25,25 млрд АҚШ долларына дейін, яғни, 70 есеге жуық өсіпті. Одан бергі кезеңдегі Қазақстан мен Қытайдың екіжақты тауар айналымының көрсеткіші төмендегідей.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік барын айтқан. Осы ретте тауар түрлерін көбейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Мысалы, Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауарды Қытайға экспорттай алады. Қазақстанда ең аз инвестиция келетін ауыл шарушылығы саласының өзі 2022 жылы Қытаймен 780 миллион доллардан аса сауда жасасыпты. Енді еліміз Қытайға 1 миллион тоннадан аса бидай жеткізеді. 2017-2022 жылдары Қытайға жөнелтілетін майлы дақылдар 3,5 есе, өсімдік майы 2 есе артқан. Көрші ел нарығы тым үлкен, жөнелткен тауар міндетті түрде оңай саудаланады, сондықтан бұл Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік.

Екі ел арасында басқасын есепке алмағанда былтыр темір жол арқылы 28 млн тонна жүк тасымалданып, рекордты көрсеткіш тіркеді. Оның 12,6 млн тоннасы Қазақстан үлесінде. Бұл тұста 2022 жылғы көрсеткіш 23 млн тонна болғанын айта кетейік.

Қазақстанның сыртқы сауда қатынасында Қытай 2022 жылға дейін 2-орын алып келсе, былтыр бірінші тоқсанда Ресейді басып озып, 1-орынға шықты. Ауқымы тым үлкен. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының негізгі идеясы – Еуропаға тікелей құрлық жолы. Яғни, Қазақстан кәрі құрлыққа апарар көпір саналады. Себебі теңіз арқылы ең аз дегенде 45 күн кетеді. Әр күні – 178 миллион доллар. Бұл ретте территориясы үлкен Қазақстанның рөлі ерекше. Егер Қытай өз логистикасын оңтайландыруды көздесе, оны Қазақстансыз іске асыру мүмкін емес. Қытайға түсінікті, өз уәдесіне берік, келісімдерді аяғына дейін орындайтын тұрақты ел керек.

Осы маусым айының өзінде екі тарап бірнеше келісімдерге қол қойып үлгерді. Таяуда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Үрімші қаласында өткен «Қазақстан – Қытай» III аймақаралық форумына қатысты. Осы шарада 629 млн долларға ынтымақтастық туралы 17 құжатқа қол қойылды. Демек, қос елдің компаниялары бірлесе атқаратын жобалар ауқымы ұлғаймақ.

Қазақстан-Қытай транзиттік тасымалдары және халықаралық құрлықтағы-теңіздегі мультимодальдық тасымалдар айтарлықтай табысты болуда. Екі тарап та тұрақты түрде жұмыс істейтін 7 порт, мұнай мен газды тасымалдауға арналған 5 трансшекаралық құбыр желісін, 2 трансшекаралық теміржол магистралін және халықаралық шекара маңы ынтымақтастығының орталығын ашқан.

«Алтын отыз жылдық» кезеңіне қадам

Көп жағдайда қос тараптың кездесуі маңызды келісімдер мен ірі жобаларсыз өрбімейтіні белгілі. Бұл жолы да екі ел басшылары жаңа бастамалардың жаршысы болуы мүмкін. Біз осы тұста саясаттанушы Қазбек Майгелдиновпен сөйлесіп, қандай жаңалықтар болуы мүмкін екенін сұрап көрген едік.

– Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ШЫҰ саммиті алдында жеке келуі екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін және жаңа экономикалық келісімдердің болуы мүмкін екенін аңғартады. Өйткені мұндай сапарларда көбіне маңызды құжаттарға қол қойылады. Келісімдер негізінен мына бағыттарды қамтуы мүмкін: Біріншіден, инвестициялық келісімдер. Қазір екі тарап жасыл экономика, көлік, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығы саласында жаңа келісімдерге мүдделі болып отыр. Қытайда экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс бар. Есесіне көрші ел әлем бойынша автокөлік нарығын жаулауда, соны пайдаланып еліміздің аумағында көлік құрастыратын жаңа зауыттарды көбейтуге болады.

Екіншісі, инфрақұрылымдық жобалар. Темір жол және автомобиль магистральдарын жаңғырту, логистикалық орталықтар мен порттарды дамыту бағыты бойынша жаңа жобалар басталуы мүмкін. Себебі қазір «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында Еуропа мен Қытайды жалғап жатқан темір жол мен автомобиль жолдары, Құрық арқылы порттар салу жүзеге асып жатыр. Бұл одан әрі түрлі бағытта жалғасын таба береріне сенім бар, – дейді сарапшы.

Қ.Майгелдиновтың айтуынша, үшінші кезекте басты сауда келісімдері тақырыбы бар, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар туралы келіссөздер жүргізу. Осы күні бірнеше қазақ-қытай кәсіпорындары жұмыс істеп жатыр. Енді жаңа технологиялар бағытына қадам жасалуы мүмкін. Өз кезегінде бұл байланыстарда Қытайдың да мүддесі болатыны сөзсіз.

– Қытайдың Қазақстандағы мүдделері айқын. Мәселен, екі ел басшысының жиі кездесуі – Астана мен Бейжің қарым-қатынасының маңыздылығын көрсетеді. Әсіресе, экономикалық ынтымақтастық жағынан бір-біріне басты серіктес. Қытай үшін тек еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері ғана емес, өздерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шикізат көздері де маңызды. Ресурстарға қолжетімділік жағынан мұнай-газ, түрлі минералдар қызықтырады. Түптеп келгенде, бұның бәрін жүзеге асыруда елдің саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігі қажет. Ал Қазақстан Орталық Азияда тұрақтылықты қолдауда шешуші рөл атқарып келеді. ШЫҰ аясындағы екі ел қарым-қатынасының басты тетіктері де осында жатыр, – дейді маман.

Бұған қоса сарапшы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың болашағы бірнеше негізгі факторлермен айқындалатынын жеткізді. Соның бірі – технологиялық ынтымақтастық, себебі біз қазір цифрлы заманда өмір сүріп жатқаннан кейін жоғары технология, цифрландыру, инновация, әсіресе ғылым саласында өзара іс-қимылды ұлғайту екі елге де алдыңғы қатарда болуға мүмкіндік бермек. Экономикалық жобалар, соның ішінде энергетикалық нысандар салу, бірлескен кәсіпорындар құру, ауыл шаруашылығын дамыту секілді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету маңызды. «Орта дәліз» де бұл байланыстарды ерекшелей түсуде.

– Келесі кезек әрине, инфрақұрылымдық даму. Бір жыл бұрын екі ел үкіметі Транскаспий халықаралық дәлізін дамыту туралы келісімге қол қойды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүргендей, еліміз транзиттік әлеуетін арттырып, логистикалық хабқа айналуға мүмкіндік жасауымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда «Орта дәліз» сауда мен тауар айналымын жақсартуға тиімді құрал. Бұны екі тарап та жақсы түсініп отыр, – деп қорытындылады Майгелдинов.

Сонымен, сарапшы сөзінен аңғарғанымыздай, Қытай төрағасының сапары кезінде бірлескен ірі жобалар жайы айтылып, бірнеше келісімдер жасалуы ықтимал. Осылайша, екі ел басшыларының қарым-қатынасы, парламентаралық, партияаралық ынтымақтастық келешекте саяси сабақтастықты сақтап, экономикалық дамуға драйвер болатын негізгі жайт санала бермек.