2025 жыл — Қазақ-Қытай туризм жылы деп жарияланды

0
248

2025 жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланысты және туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылды. Осы сапар аясында Бейжіңде Қазақстанның және Астанада Қытайдың Мәдени орталықтары ашылды.

Мұны екіжақты байланысты бекемдеу үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Бұл бастамалар халықтарымызды мәдени тұрғыдан жақындатып, өзара достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп сенемін.

Мұнан бөлек, екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени іс-шаралар өткізуге уағдаластық», — деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін екі ел арасында визасыз режим қолданыла бастағанын ерекше атап өтті.

«Қазір оның игілігін азаматтарымыз көріп отыр. Әсіресе, екі елдің көршілес аймақтарының халқына, кәсіпкерлер мен туристерге, жастар мен шетелдік әріптестерге тиімді болды.

Биыл наурызда Бейжіңде Қазақстанның Қытайдағы Туризм жылы салтанатты түрде ашылды. Келесі жылы осы шараның жалғасы ретінде Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтеді.

Бүгін қол жеткізілген келісімдер елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайтып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото интернеттен алынды.