ҰБТ-баланың «үміт ақтау» көрсеткіші емес

0
512

Желіде жоғары балл алған мектеп түлектерін әлі де «үмітті ақтады» деп құттықтайтындар аз емес екен.

Меніңше, үмітті ақтады деген — ең нашар сөз. Бәйгеге ат қосып жатқан жоқ қой. Кезінде төмен балл алдым, әке-шешемнің, мұғалімнің үмітін ақтамадым деп кейбір оқушылар суицид жасады емес пе? Болмашы нәрсеге бола. Нағыз трагедия.

Қазір ҰБТ-ны жылына 4 рет тапсыруға рұқсат бергені жақсы болды. Түлекке мүмкіндік береді. Қазір еңбек нарығы тым қатты өзгеріп жатқанда «жоғары балл — жақсы мамандық — жоғары жалақы» деген схема жұмыс істей бермейді.

Мобилограф болып, айына 1,5-2 млн теңге тауып жүрген студент көп. SMM, таргет саласында да 1 млн тауып жүрген жастар жетеді. Оларға аттестат, диплом қатты қажет емес секілді. Инфо бизнесте жүрген досым айтады.

Жиырмадан енді асқан жігіттер бар, кез келген эксперттің курсын дайындап, сатып жібереді. Әрбірінен үлесін алып, миллиондар табады дейді. Қытайдағы маркетплейстерден тауарды алып-сатып, жағдайын жасап алған жастар көп.

Яғни, еңбек нарығы өзгеріп кетті. Баланың үмітті ақтау не ақтамауын ҰБТ-дағы балға байлап қоюға болмайды. Бүгін 60-70 балл алып, 3-4 жылда миллиондар табуы бек мүмкін.

Әрине, оқымай-ақ қой деп жатқаным жоқ. Жоғарыдағы кәсіптер уақытша болуы мүмкін. Жақсы оқып, АҚШ, Англия, басқа елдердегі топ универлердің толық грантын жеңіп, кейін сондағы ірі корпорацияларда жұмыс істесе, не бизнесін ашса, тек қолдау керек. Жалпы, жақсы оқу — сауатты адам болу.

Тек баланың бақытын ойлаған адам ҰБТ-дағы балға қарап, үмітті ақтады, ақтамады деп айтпаса керек. Бала бүгін бақытты болса, ертең сапалы маман, бақытты әке не бақытты ана атануы мүмкін.

Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, сарапшы.

Facebook жазбасы.

 

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.