Имам-ұстаздар арасында «соғыс» басталған ба?

0
2233

Әлеуметтік желілерде жақтары талмай діни — уағыз айтатын, жұртқа танымал ұстаз, имамдардың арасында көзге көрінбейтін «соғыс» басталып кеткендей. Бір бірінің айтқандарын жоққа шығаруды бастады деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы. 

«Қазақы имам» аталып кеткен Нұрлан имам таяуда тікелей эфирде «Қабылбек ұстаздың уағыздары дұрыс па?» деген сауалға: «Жақсы азамат. Тыңдаңыздар. Мен ол кісі туралы жақсы айтамын. Бірақ ол мен туралы теріс айтады. Айта берсін. Біреудің жаман айту — білімділікті көрсетпейді. Өзінің деңгейін көрсетеді», — деген имам «барлық ұстаздарды жақсы көреміз, бәрін тыңдай беріңіздер» деп түйіндеді.

Ал Дарын ұстаз туралы: «Екеуміз бірге бастағанбыз. Мен оның, ол менің артымда тұрып намаз оқыған. Кейінірек Саудияға барып, ақида, сенім мәселесінде, басқа-басқа келіспейтін жерлеріміз көбейіп кетті. Одан кейін біздің мәзхаб төңірегінде келіспейтін тұстарымыз өте көп. Бірақ қазақ ретінде оны құрметтеймін»,- деді.

Қабылбек ұстаз Нұрлан имам туралы не айтты? «Нұрлан имам туралы Сансызбай ұстаз жалпы айтқан болатын. Уағызшы бар, пәтуашы бар…» деп шұбалаңқы түсіндіріп: «Имам болса, уағызын айтуы керек, пәтуа мәселесіне олай кірісуіне болмайды», -дейді. ( «Шегіртке — халал» деген пәтуаға байланысты айтып отыр)

Ал Нұрлан имам «Шегіртке жеу — халал» дегенге байланысты: «Жоқ. Қазақ шегіртке жеген емес, жемейді де. Қазақтың күні шегірткеге қарамасын» дегені бар-ды. Мүфтият шығарған пәтуаға қатысты осылай деген Нұрлан имам балаға арабша емес, қазақша есім қою керегін де айтқан болатын.

Ал бәрінен де үлкен бір жиында Нұрлан имамның: «Шетелдің, Арабияның, ибн-сибн, Түркия, Руми т.б ғұламаларын құрметтеймін. Бірақ мен үшін қазақтың ғұламалары бәрінен артық тұрады. Маған Абайдан асқан ғұлама жоқ, мен үшін «Алаш қайраткерлерінен» артық ғалымдар жоқ. Ахмет Байтұрсынов бір молда дұға етіп тұрып 124 мың пайғамбар мен сахабалардың әруағына дегенде, «сен қазақсың, қазаққа дұға қыл!» деген екен», — деп кесіп айтқаны әр дұғасына жұрт танымайтын пәленше аналар мен сахаба, пайғамбарды қосатын имам, ұстаздардың қытығына тиіп кеткен сияқты.

Көп ұзамай, қазаққа жат наным-сенім, ұстанымды тықпалаған имам, ұстаздардың бетпердесі сыпырылып, бойында қазақтың қаны бар әрбір азамат бұл уағызшыларды електен өткізіп, керегін алып, керек емесін лақтыра салатыны сөзсіз. Бәрін уақыттың еншісіне салайық.

Дайындаған, Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

 

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.