Мұғалім еден жуып, парта тасып, ремонт жасап жүр

0
320

Сұлтан СҮЛЕЕВ, Facebook әлеуметтік желісінде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, М.Горький атындағы мектеп мұғалімдерінен келген хатты жариялады деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы.

Өз тарапымыздан министрге жазылған хатты аз-кем өңдеп, кей жерлерін түзетіп, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сондай-ақ бұл хатты журналистік ресми сауал ретінде Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа да жолдайтын боламыз.

ҚҰРМЕТТІ, ОҚУ ЖӘНЕ АҒАРТУ МИНИСТРІ ҒАНИ БЕКТАЙҰЛЫ БЕЙСЕМБАЕВ!

Оқу жылы аяқталып, мектептерде жөндеу жұмыстары басталатыны, оны жүргізу жұмыстары жылдағы “больной вопрос”, қиындық туғызатыны өзіңізге де мәлім шығар?

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, М.Горький атындағы орта мектепте биыл тіпті үлкен мәселе туындап отыр. Мектеп басшысы Байшетова А.А. бірнеше рет жиналыс өткізіп, “жылдағы істеп жүрген ремонтты биыл да жасайсыздар. Жасап болып демалысқа кетесіздер” деді. Жақсы! Ремонт жасайтын ұйым да, адам да белгісіз болды.

Сонымен “нан жеп отырған жерлерің” дегеннен кейін мұғалімдер өздері ремонт жасайтын болды. Себебі бас көтеріп айтуға көпшілік қорқады… Сонымен не керек, парталарды мұғалімдер шамасы келгенше сүйрелеп жүріп шығарды, енді амал қанша, ремонт бітпесе, өзінің кезекті демалысына кете алмайды.

Ремонт жасауға кабинеттерін дайындап (парта шығару да оңай жұмыс па әйел адамға) бір тірлік болса да бетін қайырдық деп отырғанда… таңғы хабарлама бәрінің тынышын алды. “Келіп шығарылған парталарды кіргізіңдер, терезе, парта, шкафтарды, тіптен еденді жуып кетіңдер” деп орынбасарлар кезек-кезек хабарласа бстады.

Басты себеп — әкім келеді. 2024 жылғы 12 маусым  күні. Бұл сұмдық қой! Шығарып жатқанымызды Айнаш Әкімғалиева көре тұра, үн-түнсіз отырды. Әбден зілдей партаны сыртқа тасып болғанда, “енді ішке кіргізіңдер” деуі, адам өмірімен, денсаулығымен ойнау ғой! (келетін әкім әр кабинетке кіріп, партаның бетін, еденді қолымен сүртіп көре ме? Әлде ремонт уақыты десе, түсінбейтін адам ба?)

Мұғалім мәртебесінің Еңбекшіқазақ аудандық М.Горький орта мектебі мекемесіне түк қатысы жоқ па? Мұғалімнің сұрағы, айтары көп, қорғайтын ешкімінің болмауы қынжылтып отырғаны…

Жалпы мұғалімдердің Сізден сұрағысы келгені:

Мектеп басшысы “екі күнде ремонтты бітпесеңдер, еңбек демалысынан бұйрықпен шақыртып аламын” дейді. Бұл қаншалықты заңды?

Жазғы жөндеу жұмыстарын кім жасауы керек? Кабинетті ремонттап болған соң оны комиссия мүшелері — директор, орынбасарлар, шаруашылық меңгерушісі, медбике, кәсіподақ төрайымына өткізіп беруге мұғалім міндетті ме? Комиссия мүшелерінің “қайта жаса” деп кететін кездері де аз болмады. (бүкіл жарық жанбай тұр, бояуды қою жаққан, терезе таза жуылмаған т.б желеулермен)

Кабинетте жарық жанбаса немесе электр сымы үзілген болса, оны сынып жетекшісі жасауға тиісті ме?

Парталар, орындықтар сынса, оны дәнекерлеу де мұғалімнің міндетіне жата ма?

Кабинеттерге 4 шелек, еден жуатын шүберек, еден жуғыш, кір жуу ұнтағы мен басқа да тазалық заттарын мұғалім сатып алуға міндетті ме?

Тақталар тозған, жазылмайтын тақталар бар. Оны боятуға да сынып жетекшісі жауапты ма?

Сыныптағы стендтердің болуы, концерттерге безендіру жұмысын жасау үшін баннерлер сатып алу да сынып жетекшіге төленетін 10 мың теңгенің ішінде есептелген бе?

Әр тоқсан сайын терезенің іші-сыртын тазарту да мұғалімнің міндетінде ме?

Жалпы мұғалімнің еден жуып, терезе сүртіп жүргені дұрыс па? Бізді осы сұрақтардың жауабы мазалайды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.