«Маған хайптың қажеті жоқ» дейді Ермұрат БАПИ

0
294

Мәжіліс депутаты Ермұрат БАПИ өзі туралы жалған ақпарат таратқан басылымдарға қатысты пікір білдіріп, мәлімдеме жасады деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы. Депутаттың мәлімдемесін журналист Оңғар ҚАБДЕН әлеуметтік желіде жариялады.  

«Orda.kz порталында жарияланған маған қатысты орысша орайдағы ақпаратқа орыс тілінде бастақырып (заголовок) қойғаным болмаса, мен өз түсініктемемді (комментарий) қазақша жолдап отырмын.

Және бұл комментті қазақ аудиториясы үшін DAT-тың телеграмм арнасына, танымал журналист-блогер Оңғар Қабденге, тағы бірер интернет-ресурсқа және депутат әріптестерімнің назарына ұсынамын.

Бірден айтайын, мен әзірге Қазақстаннан ешқайда кеткен жоқпын. Елдемін. Денсаулығым да соншалықты қатерлі жағдайда деп ойламаймын.

Бірақ аяқ астынан пайда болған белгісіз дертке байланысты наурыз-сәуір айларында Президенттің іс басқармасына қарасты клиникада жатып, толық кешенді тексеруден өттім.

Қан мен дәреттен бастап, бүйрек, бауыр, асқазан, іш құрылыс, паразиттік және токсикологиялық анализды қосып, биопсияға дейін тапсырдым. Дәрігерлік концилиум ешқандай дерттің дерегін таппады.

Дәл сол клиникада жатқан кезімде денемнің әр жерінде тағы да ісіктер пайда болды. Консилиумға қатысушы дәрігерлер ол ісіктерді (сіздер де көрсін деп, бірқатар фотосуреттерін ұсынып отырмын) қолмен ұстап, өз көздерімен көрді.

Бірақ ешқандай диагноз қоя алмады. «По всем анализам аллергию исключаем» деді. «За сорок лет врачебной практики с такой ситуацией первый раз сталкиваемся» деген дәрігерлік пікір де болды.

Ал әртүрлі медиада сан саққа алыпқашпа жарияланымдарға қатысты айтар болсам, бұл ақпарат қаскүнемдер қолынан Украинада қаза тапқан танымал жорналшы Айдос Садықовтың Алматыда өткен асынан (поминальный обед) кейін өршіп кетті. Бұл асқа мен де қатысуым керек еді.

Бірақ дәл сол ритуалдан бір күн бұрын ауық-ауық пайда болатын сол ісіктер қайтадан қозды. Ас үстіндегі Құранға қол жаюға жиналған бірнеше қоғамшыл азаматтар: «Қайдасыз, күтіп отырмыз…» деп, мені іздеп, қоңырау шалды. Мен олардың әрқайсысына ауырып қалғанымды, асқа қатыса алмайтынымды айттым.

Расында да, соңғы төрт айдан бергі әдетте, бұл ісік шыға бастаған кезде адам айтқысыз қышу пайда болады. Арқаңды — есіктің, қолыңды үстелдің қырына қасысаң да тыншу табу оңай емес. Дуылдап қышыған кезде, денеңнің қышыған жерін кесіп алып тастағың келеді.

Артынша сол қышыған жерің күрт ісіне бастайды да, дене қызуың көтеріледі. Ісіктің салдарынан сағаттың бауы — білезігіңе, белдігің — ышқырыңа, аяқ киімің аяғыңа шақ келмей қалады.

Бірақ осы жағдаятты маған телефон соққан, әлеуметтік желі арқылы мені іздеген қоғамшыл азаматтардың қайсы біріне түсіндірерсің? Тіпті, кейбірі менің «сылтауыма» сенімсіздік білдірген соң, ісіп кеткен қолымның фотосын Фейсбукқа салып, жалпыға жауап ретінде арнайы пост жарияладым.

Міне, менің журналист ағайындарым мен «бүлдіргі» блогер бауырларым осы постқа өз пікір-пайымдарын қосып, пытырлатып, пергілеп кетті. Маған хабарласқан бірер интернет-ресурсқа жауап беріп едім, олар өз жарияланымларына айқайлаған айдар тағып, менің ісігімді одан арыға «ісітіп» ала жөнелді.

Анығы былай: клеткалық-моллекулярлық диагноздан өту үшін, мен бірер шетелдік клиникаға дәрігерлік анализдерімді жібердім. Әкежан Қажыгелдин ағам мен Оппозицияның шетелдік бюросындағы жігіттер Германияда жұмыстанып жатыр. Қазір алғашқы келген шақыртуға орай Еуропаның бір еліне бару қамын жасаудамын. Мөлшері шілденің 20-сынан кейін жолға шығамын.

Ал атышулы «Новичокқа» қатысты болжам Orda.kz порталына пікір білдірген спикерлерден тараған сөз, менің бұған ешқандай қатысым жоқ. Себебі, улану немесе улау дерегіне байланысты менің қолымда ешқандай дәйек жоқ. Күні бұрын күпіршілік жасай алмаймын!

Дақпырт пен дабыра, хайп пен қаңқуға қиқу қосу маған қажет емес. Ел ішіне белгілі болған «Ермұрат Бапи» деген аты-жөнім мен азды-көпті абырой атағым маған жеткілікті. Мен, біріншіден, хайп қуатын жастан асып кеткен адаммын. Екіншіден, маған даңғаза емес, денсаулық қажет» деп мәлімдеді депутат Ермұрат БАПИ.

Фото интернеттен алынды.