Шенеунік кәсіпкерлерді «кошелек» еткен

0
110

Қызылорда облысында бұрынғы шенеунік кәсіпкерлерді ұлының оқуының ақшасын төлеуге мәжбүрлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

“Ол ұлының оқуына ақы төлеу және дизельді отынмен қамтамасыз ету туралы бизнес өкілдеріне заңсыз нұсқаулар беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін күдікке ілінді”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар шенеунікке өңірдегі кәсіпорындарының белгіленген мөлшерде сұйытылған газ алуын шектеп, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірді деген айып тағылған.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған. Қазір іс прокурорға жіберілді.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2023 жылы Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметіне Дінмұхамед Әбсаттаров тағайындалған.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.