Алтай ғалымның жаңбыры солтүстік Аралды суға толтырды

0
664

Солтүстік Арал теңізіне өткен жылмен салыстырғанда 12,5 есе артық су келіп жатыр. Бұл хабармен 18 шіледеде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомствоның ақпаратынша, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Әйтек» су торабын аралап, Солтүстік Арал теңізіне су жіберу жұмыстарымен танысты.

Қазіргі уақытта Солтүстік Аралға секундына 75 текше метрге дейін су жіберілуде. Былтыр секундына 6 текше метр су келген болатын.

Министрдің айтуынша, бүгінде Сырдария өзені арқылы Қызылорда облысына секундына 650 текше метр су келіп жатқандықтан осындай нәтижеге қол жеткізілді.

Сондай-ақ, Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен жұмыс жүргізілді.

«Атап айтқанда, су жіберу кестелері бекітіліп, қазіргі таңда келісімге сай су келіп жатыр», -деді Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, «Қолдан жаңбыр жауғызып жүрген» Алтай Айнабек есімді қазақ ғалымы әлемжеліде «жаңбыр адам», «қазақтың Тони Стәркі» деген лақап аттарымен танылып келеді.

Алтай — Климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының (International Center of Climate Change Technologies) басшысы, “Жасанды жаңбыр жауғызу” технологиясының авторы.

Бірнеше жыл бұрын Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесін шешуге атсалысқан маман қазіргі таңда Аралдың жай-күйіне ерекше назар аударуда.

Маман «Арал өңіріне жаңбыр жауғызамын» деген ойын ортаға салған еді.

Соңғы күндері еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаңбыр жауу көрсеткіші жиілеп кетті. Ал «қырық күндік шілденің» аптап ыстығына еті үйреніп қалған халық жаздың қақ ортасында нөсерлеп төккен жауынға аң-таң.

Табиғи құбылыстың тосыннан келген сыйына дайын болмаған жұрт бұл «Құдайдың емес, Алтайдың жаңбыры» деген алып-қашпа әңгімелерді алға тартуда.

Желдей есіп жатқан аталмыш ақпараттарды ғалым жоққа шығармайды. Айтуынша, Аралға жасалып жатқан тәжірибе аталған өңірлерге әсер етуі әбден мүмкін.

«Біз Қазақстанда жұмыс жасаған мерзімдер: 2021 жылдың қазан айы, 2022 жылдың наурыз , сәуір, мамыр айлары және 2023 жылдың тамыз айы. Сонымен қатар 2024 жылдың 18 маусымынан бастап жұмысты жалғастырып жатырмыз. Осы кездердің барлығына ортақ бір құбылыс бар – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында жауын-шашын деңгейі көп болған.

Атмосфера – статикалық емес. Барлық нәрсе айналып тұрады. Экватордың солтүстігінде атмосфера қозғалысы батыстан шығысқа жүреді. Сондықтан Аралға жасалып жатқан тәжірибенің Алматыға әсері болуы заңдылық. Және біз циклондарды технология көмегімен ұзақ уақытқа ұстап тұруға ықпал етіп жатырмыз. Бірақ болашақта, үкімет қолдап, материалдық техникалық базамыз күшейгенде Аралдың тарихи табанының үстіне жауынның біршама бөлігін локализация жасаймыз», — дейді ол.

Ғалым «Аралды суға толтырудың» алғашқы кезеңдерін еңсеріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл процесс біраз уақытты талап етеді.

«Бірінші кезең – климатты үйрету. Жалпы, Аралдың климаты ғасырлар бойы қалыптасқан. Оның үстіне Арал тартылған соң мүлде басқа климат орныққан. Біз соны өзгертудеміз. Қазір температура біршама түсіп, жауын едәуір артты. Климат үйрене келе, «облака вертикального развития» жасау жеңілдене түседі. Жоғарыда айтқандай материалдық техникалық база күшейгенде басты этап «жауынның Аралдың тарихи табанына локализация процесінде» су тіптен көбейеді», — дейді ол.