«…шариғатты мемлекет басына әкеліп қойсаң, мұсылмандардың өзі шыдай алмайды» дейді дінтанушы

0
588

Дін мен мемлекетті бөлек қарастыру керек пе? Аталған сауалға әркім әртүрлі тұжырым айтады. Бірі дін мемлекеттен бөлек десе, енді бірі дін мен мемлекет егіз ұғым дейді. Осы орайда Stan.kz тілшісі саясаттанушылардан дін мен мемлекеттің бөлінуі не себепті маңызды екенін сұрап білді. 

Дін – саясатқа араласпауы керек

Теолог Бексұлтан Жұмаханұлының айтуынша, дін мен мемлекеттің бөлінуін білдіретін саясатқа зайырлы көзқарас қоғамдағы теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Бұл тәсіл діни негізде кемсітушілікке жол бермейді, барлық азаматтарға, олардың сенімдеріне қарамастан, тең құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар дін мен саясаттың бөлінуі діни сезімдерді саяси мақсатта пайдалануға жол бермеуге және әртүрлі діни топтар арасындағы қақтығыс қаупін азайту арқылы саяси тұрақтылыққа ықпал етеді.

«Зайырлы елде діннің өз орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, елдің тіршілігінен бөлініп кете алмайды. Зайырлылық — мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық бағытта екенін көрсетеді. Зайырлы елде бүкіл дін теңдей құқыққа ие болады.  Сондай-ақ барлығына бірдей шарттар қойылады. Мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласа алмайды», – дейді теолог. 

Теолог қоғам үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын дін мен мемлекеттің болғаны маңызды екенін жеткізді. Ал дін мен мемлекеттің байланысын нығайтуға күш салу басты міндет дейді.

«Дін мемлекеттен бөлек емес. Өйткені, мемлекетті құрайтын – қоғам. Демек дінсіз қоғам болмайды. Нақтырақ айтқанда дін саясаттан мүлде басқа, яғни дін саясатқа араласпауы керек. Дін мен мемлекет адам құқығын қорғау кезінде өзара ықпалдасады», – дейді теолог.

Дін мен мемлекет бірге өмір сүреді

Дінтанушы Мұхитдин Исаұлының сөзінше, ислам дініндегі шариғат бойынша мемлекетті алып жүру үшін халықтың өзі мұсылмандық шариғатты қалауы керек.

«Бұл зайырлылық мәселесі. Қазіргі заманда мұсылмандық шариғатты мемлекет басына әкеліп қойсаң, бес уақыт намазын оқып жүрген мұсылмандардың өзі шыдай алмайды. Мұсылман деген түсінік өмірде қалыптасқан нәрсе. Ал оны мемлекет басына алып келу үшін ғалымдар керек. Біріншіден, мемлекет басына дінді алып келсең саясат кіріп кетеді. Сосын такфирші сынды исламның атын жамылған теріс ағымдар мұны пайдаланып, өзінің идеологиясын мемлекет саясатына енгізуге тырысады. Екінші жағынан, мемлекет саясатын радикалдыққа алып барады. Сол үшін дін мен мемлекетті бөлек ұстауға тырысады», – дейді дінтанушы. 

Дінтанушының сөзінше, дінді мемлекет саясатында дұрыс ұстанбасаң адамдарды діннен қашырады. Себебі теріс пікір мен дұрыс айтылмаған пәтуаның салдарынан адамдар қаза табады. Ал оны ислам дінінен көргендер, діннен безініп кетеді дейді.

«Исламды егін оратын комбайн деп алайық. Егер егін оруды білмесең, комбайнды танкіге айналдырып жіберуің мүмкін. Сол сияқты исламды дұрыс пайдаға асырмасаң әркім өзінің саясатына пайдаланып кетеді.

Сондықтан діннің өміршеңдігіне рұқсат беріп, саясатқа келгенде діни мәселені араластырмаған жөн. Жалпы исламның 95%-ы ғұмыршаңдық, қалған 5%-ы ғана мемлекетті қорғау, мемлекеттің әділдігін ұстану шарттарынан тұрады.

Дінді теріс саясатқа айналып кетеді деп жолатпайтындары сол. Тіпті бұл дұрыс шешім. Елде мешіт бар, дінді дамытамын десең де, ғылымды өркендетемін десең де өз еркің. Ал діни саясатты мемлекет басына алып келу дұрыс емес нәрсе. Өйткені мемлекет басына дінді араластырамыз деген сәтте, әркім өзінің діни түсініктерін енгізуге тырысады», – дейді Мұхитдин Исаұлы.

Сондай-ақ ол елімізде дін мен мемлекет бөлінген деп айтылатынын, алайда елдің дінсіз өмір сүре алмайтынын жеткізді. Айтуынша, дін әркімнің жан дүниесінде, ғұмыршаңдығында, ғылымда, білімде, құқығында өмір сүреді. Әр мемлекеттің өз ұстанымы болады. Дін мен мемлекет бірге өмір сүреді дейді.

Қазақстанда дінді мемлекет бақылайды

Саясаттанушы Дос Көшімнің сөзінше, елімізде дінді мемлекет бақылауы керек.

«Кез келген адамды біріктіретін бір бағыт болса оған мемлекет араласады. Себебі мемлекет өз билігін сақтауы керек немесе жүргізуі керек. Ал адамдар тобы бірігіп, белгілі бір бағытта жұмыс істейтін болса ол мемлекеттің саясатымен үйлеспеуі мүмкін.

Сондықтан Қазақстанда дінді мемлекет бақылайды. Қадағалап оның бағытын өздері анықтайды, оған байланысты заңдар шығарады», – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол мемлекет діннің ішкі мәселесіне араласпағанымен, сыртқы бағытын үнемі бақылауда ұстап отыратынын жеткізді.

«Мемлекет дінді міндетті түрде бақылайды. Діннің ішкі мәселесінде не істеу керегіне мемлекет араласпайды. Бірақ сыртқы бағыты мен оны кім басқаратынын, адамдардың дінге келу жолдарын, белгілі бір заңдылық деңгейінде анықтау мемлекет тікелей араласатын мәселе», – дейді Дос Көшім.

Саясаттанушының айтуынша, ешуақытта дінді мемлекеттен бөлек қарастырудың қажеті жоқ.

Ал саясаттанушы Талғат Қалиевтің сөзінше, барлық дінді жалғыз қарастыратын зайырлы мемлекет. Ол ешкімге артықшылық бермейді дейді.

«Зайырлы мемлекет діннің мемлекеттен бөлек болуын қамтиды. Мемлекет құлшылық орындары сынды жерлердің құрылысын қаржыландырмайды. Діни бірлестіктердің істері ешкімге зиянын тигізбесе, қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтірмесе, мемлекет оған араласпайды. Айталық, бұрындары бір аумақта қазақтар ғана өмір сүрді, тек мұсылмандар болды.

Бірақ жаһандану мен көші-қон ағыны арқылы елімізде әртүрлі діндер пайда болды. Осыған сәйкес барлық діндердің теңдігін қамтамасыз етіп, ешбіріне бөлек артықшылық бермеу керек. Демек осы тұста керегі – зайырлы мемлекет. Ол барлық дінді жалғыз қарастырады. Ешкімге де артықшылық бермейді. Алайда мемлекет барлық діндер мен діндарларды қамтамасыз етеді», – дейді саясаттанушы.

Фото интернеттен алынды.