Өзімді кінәлі сезінуден жалықтым…
Менің бұл жазбамды оқыған жерлестерімнің кейбірі атойлап, айғайлап шығары сөзсіз. Алайда мені түсініп, өзі жүрген тұманның ішінен шығатын жол іздеушілер табылып жатса, тек қуанамын.
Басқа облыс халқы «біртүрлі» қарайтын шымкенттікпін. Сол топырақта туып-өстім. Дүниеге келген секундтан бастап бізге «кінәлісің, күнәлісің» деген түсінікті ата-анамыздан бастап, айналамыз сіңіріп өсіреді.
Менің өмірге қыз болып келуіме де мен кінәлімін. Содан болса керек, отбасымыздағы қыз біткен үйдегі еркектерге қызмет етіп, кінәмізді жууға жанталасатынбыз. Аға, інілеріміздің киім-кешегін жуу, сүйікті тамағын дайындау, олардың бөлмесінің тазалығын сақтау — біздің міндетіміз.
Егер аға-ініміздің жейдесінің жағасы кір болса, біз кінәліміз. Егер аға-ініміз аш отырса, тағы да біз кінәліміз. Бүкіл ұрысты біз естиміз.
Үйдің ішкі және сыртқы шаруасы тұтастай қыздың мойнына артылады. Шаруаның бәріне жауапты тек — біз. Бір нәрсе дұрыс болмай шықса, біз кінәліміз.
Есімде, інім сыртта ойнап жүріп аяғын сындырып алды. Ініміздің сынған аяғы үшін әке-шешеміз бізді кінәлап, «неге бас-көз болып қарамадыңдар? Неге далаға шығардыңдар?» деп бар ашуын бізден алған еді.
Міне, осындай «ұсақ-түйек» кінәлаулар уақыт өте келе үлкейе береді. Үйіміздің маңында жігіттер жүрсе де «сендерге келген» деп бізді кінәлайтын. Көрші ауылдың қызы ажырасып келсе, «сендер де сөйтіп келіп отырмаңдар. Сендерден бәрін күтуге болады» деген сарындағы кінә арту сөзін де біз еститінбіз.
Вуылдың бір топ жігіті жабылып, сені зорлап кетсе де, сен кінәлісің. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деп, істі жылы жауып қоя салады.
Мектеп бітіріп, күйеуге шықпай қалсақ, кінәліміз. «Сен жақсы болсаң, алатын жігіт табылар еді» дейді ондайда. Ал егер танымайтын біреу алып қашса, «сол жерде қал.Өз аяғыңмен бардың. Қайтып келіп, бізді қарабет етпе» дейді.
Қаламаған адамыңнан ажырасам десең, «өзіңнен пәле бар. Осы жұрттың қызы бәріне шыдап отыр ғой. Сен жақсы болсаң, күйеуіңді де адам етесің» дейді.
Күйеуің алқаш болса, «әйелі жақсы болса, күйкуі ішпейді. Ақылды әйел алқашты да адам етеді» дейді.
Күйеуің ұрып-соқса, «күйеуі ұрғаннан ешкім өлмейді. Күйеуі бар қатын таяқ жейді. Тіліңді тартсаң, таяқ жемейсің. Бар кінә — сенің тіліңде» дейді.
Күйеуге тиіп, балалы болмасаң, «сенде кінә бар. Неге әлі көтермедің? Бедеусің» деп тағы кінәлайды. Ал тапқан әр балаңның әр әрекеті үшін тағы да сен жауаптысың немесе сен кінәлісің.
Күйеуің мезгілсіз өліп қалса да, саған артылатын кінә жеткілікті. Біріншіден, марқұм күйеуіңнің жылы өткенше қара жамылып отырасың. Екіншіден, тұл қатын болсаң, әрі кетсе, бала-шағаға ие болып сол елде қаласың.
Алда-жалда қайта тұрмыс құруды ойласаң, кемпірі өлген 80-дегі шалдың күңіне айналасың.
Сен өле қалсаң, күйкуің әрі кетсе, қырқыңды өткізіп, екінші рет үйленуге қам жасайды. Кемпірге емес, бойдақ қызға үйленуі әбден мүмкін. Өйткені ол — еркек.
Жалғыз қызым бар. Ертеңгі күні тұрмыс құрса, тек басыма сопайып жалғыз қаламын. Ешкім де «шешесі жалғыз қалды» деп күйеубаламен қызды жаныма жібермейді. Ал жігіттің бес бауыры болса да, ата-анасын жалғыз тастамайды. Себебі қыздың шешесі қадірсіз.
Қыздан туған баланы да «немере» демейді. Себебі қыздан туған. Қоғамдағы осынау әділетсіздік қазақ халқына қашан, қалай келді? Әйелге бар күнә мен кінәні артып қойып, еркек атаулыны әулие етудің «жемісін» қазір тойып жеп жатқан жоқпыз ба?
Ұлды ұлықтаймыз деп жүріп, нағыз қылмыскер еркектің санын көбейтіп жатқанымызды мойындайтын сәт келмеді ме?
Өзімді кінәлі сезінуден жалықтым. Ал сіз ше?
Әлия БОЛАТҚЫЗЫ, Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.