Еліміздегі сопы шенеуніктер кімдер?

0
1447

Қазақстанда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі — дін мәселесі. Оны айтсаң да пәлеге қаласың, айтпасаң да пәлеге қаласың. Ұлттық қауіпсіздікке жауаптылар еліміздегі исламдық бағыттан ауытқыған радикалды топтармен күресіп-ақ жатыр.

Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздегі сәләфизм бағытындағылар айылын жиғандай еді, солардың әлсірегенін ұтымды пайдаланғысы келген өзге топтар бой көрсете бастады.

Алаңдаған бұқара редакциямызға дүркін-дүркін хат жолдап, өз алаңдаушылығын білдіруде. Олардың жазуынша, мемлекеттік қызметтің жоғары басқышына шыққан азаматтар арасында сопылық ілімнің “тақсырлары” аз емес көрінеді. Жағдай осыншалық күрделі ме, мұны Ulysmedia.kz зерделеп көрді.

ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП НЕМЕСЕ ҰСТАЗҒА АДАЛДЫҚ

Елдегі саяси формацияның өзгеруі міндетті түрде дінге деген көзқарастың да өзгеруіне әкеледі. Бұдан біздің мемлекетіміз де тыс қалған жоқ. Исламның мистикалық ағымы саналатын сопылық ілімге қызығушылар қатары күннен-күнге артуда (әлде бізге солай көріне ме, қайдам).

Бұл тек қарапайым адамдарға ғана емес, елімізде тұратын діни-нанымы бөлек өзге азаматтарға да қауіп төндіреді. Сопылық ілімдегілердің айтуынша, Құдайға баратын кіршіксіз таза жол ол — сопылық жол. Қазір атеистердің өзі құдайды мойындауға шақ қалып тұр. Өйткені зайырлы мемлекет қағидаты соңғы уақытта ұйқыға көзі ілініп кеткендей.

Әділеттілік үшін айта кеткеніміз жөн-ау, исламның құрамдас бөлігі болып саналатын сопылық ілім жаңадан құрылған тоғышар ілім емес, іргесі бекіген, оның үстіне моральдық не саяси жағынан қауіп төндірмейтін ілім.

Өзіндік тәртібі бар мұндай мектептер (“монашеский орден”) қай-қай дінде де кездеседі. Әсіресе, христиандықтың католиктік және кейбір протестанттық бағыттарында бар. Эсхатологиялық уәжге сенетін сопылық ілімнің түсінігінде ақырзаман алдында 12-ші халиф Махди қайтып оралып, шынайы исламның өркендеу дәуірі басталады.

ШЕЙХТАР МЕН ТАРИҚАТТАР

Елімізде исламның рухани бағыты саналатын сопылық ілім басқа елдермен салыстырғанда анау айтқандай кең тарамаған. Алайда кейбір жекелеген тұлғалар мен ұйымдар өзінің абырой-беделін, қызметін пайдаланып, сопылық ілімді насихаттауға атсалысып жүр.

Бұлардың өзінің рухани ұстаздары мен шейхтары (тәлімгерлері) бар. Олар түрлі тариқаттарда (рухани мектептерде) өз шәкірттерін дайындауда. Қазақстандағы кейбір исламдық ұйымдар мен қоғамдық топтар сопылық мектептің қанат жаюына мүмкіндік жасап отыр.

Сопылықтың кейбір тармақтарында радикализмдік көзқарас байқалады, олай дейтініміз олар өздерін нағыз мұсылман санайды, осы арқылы өздерін жамағаттан бөліп қарастырады. Бұлар мұсылман жамағаты арасына іріткі салуы мүмкін.

ТЫЛСЫМДЫ БІЛЕТІНДЕР

10-12 ғасырларда қалыптасып, Қазақстан аумағына келе бастаған сопылық ағым өкілдері көшпелілер арасында исламды насихаттаған алдыңғы толқынның бірі болды. Айтпақшы, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Пір Бекет және т.б. қазақтар арасында әлі күнге қадірлі де қасиетті саналады.

Бүгінгі таңдағы қазақстандық сопылық ілім мен тарихымыздағы сопылық ілімнің арасы алшақтап кетті. Ертеде сопылар жаһан кезген дәруіш қана емес, сонымен бірге тылсым күшке ие ерекше қабілеттің де иесі-тұғын. 

Самарқанд пен Бұқара медреселерін тауысқан Бекет атаның бойында адам ойын оқитын, ұшатын қасиеттер болған деседі. Бүгінгі сопыларда мұндай қасиеттерден гөрі саяси мүдде көбірек байқалатын секілді.

ТАҚСЫР МЕН МҮРИДТЕР

“Қазақстандық сопылықтың” тарихы 1997 жылы елімізге Пәкістаннан (бір деректерде Ауғанстаннан делінеді, кейін Қазақстан азаматтығын алған) келген сопылық ілімнің марғасқасы Исматулла Мақсұмның (Мақсұм, Абд ал-Ғаффар-Мақсұм-ұлы) есімімен байланысты.

Сопылық ілімнің шәкірттері (мүридтер) рухани жолда тәлімгерсіз жүрмейді, оның жолына жарық түсіретін ұстазы болуы міндетті саналады. Сондықтан олар “Ұстазы жоқтың ұстазы — шайтан” дегенді алға тартады. Исматулла Мақсұм қазақстандық сопылардың ұстазы (тақсыр) саналады. Алматы түбіндегі мешітке тұрақтап, сол жерде өзінің жаңа шәкірттерін (мүрид)Исматулланың Қазақстанға діни миссиямен алғаш келуі сәтсіз аяқталды, ҰҚК оны депортациялады. 

Бірақ дін жолындағы жиһатта Исматулла ұтылған жоқ. Оның алғашқы жеңілісі стратегиялық емес, тактикалық тұрғыдан болды. Сопылық ілім елімізде әлі күнге өз миссиясын атқарып жатыр, бүгінде ол “Сенім. Білім. Өмір”қоғамдық бірлестігі ретінде тіркелген.

ПУТИННІҢ ТАБЫНУШЫЛАРЫ

Исматулла тобының жарқын бағыты — Жахрийа 1990-шы жылдардың ортасында құлашын кеңге салды. Өз дамуында бұл топ екі кезеңді басынан кешірді. Бастапқы кезеңде бұл топ Алматы облысы Қарасу ауданында шоғырланды.

Алайда 1990-шы жылдардың соңына қарай мешіт жанындағы медресе ретінде жұмыс істеп келген олардың қызметіне тыйым салынып, ҚМДБ-на тіркеле алмады, ал Исматулла Қазақстаннан шығарылды. 2000-шы жылдардың басында сопылық топ өз қызметін Алматының Мамыр ауданында қайта жандандырды. Топ мүшелері бірнеше рет әділет органдарында ресми тіркеуден өтуге әрекеттенді.

Басында олар «Шәкәрім» қайырымдылық қорын құрғысы келді, бірақ ойлары жүзеге аспады. Одан кейін «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Бүкіл Қазақстан бойынша оның 17 филиалы және 16 бөлімшесі жұмыс істеді.

Ұйым аясында Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін және басқа да сопылық нақыштағы өлеңдерді орындайтын «Яссауи» вокалдық тобы жұмыс істеп, республикалық «Үш қиян» газеті апта сайын шығып тұрды.

Исматулланың негізгі миссиясы Қазақстанда сопылық ілімді жандандырып, ислам құндылықтарын жаңғырту болды. Ол мұны түсінде аян берген деп түсіндірді және Қазақстанды сопылық ілімнің орталығына айналдыруды мақсат тұтты.

2005 жылы ҚМДБ Исматулла ілімі шариғатымызға сай келмейді деп пәтуа шығарды. Алайда заң жүзінде республикалық қоғамдық бірлестік жұмысына тыйым салынбады.

Интернетте Исматулла мен Ресей Жоғары мүфтиі Талғат Таджуддин екеуі жандай дос, бір сенімдегі адамдар екен деген ақпарат тарады. Бұдан сорақысы, Т.Таджуддин РФ Қорғаныс министрлігі Сыртқы барлау қызметінің полковнигі деген ақпарат болды. Исматулланың Путинді Махди деп атап, антихристпен күресуші (АҚШ пен Батыс елдері) ретінде дәріптеуі де содан шығар. 

ДІНИ ҒҰРЫПТАР АРҚЫЛЫ ТАЗАЛАНУ

Исматулла мен сопылық ілімнің жақтаушылары қазақ арасында насихат жүргізудің хас шебері, олар ұлттық код, қазақ тарихы мен әдебиеті, діни әдет-ғұрыптар мен салт-сананы әбден меңгерген. Рухани көшбасшы мен оның ізінен ерушілер өз имандарын күшейту мақсатында жария зікір салады.

Сопылықты ұстаушылардың  әлеуметтік құрамы біркелкі емес және оларды шартты түрде 4 түрге бөлуге болады: қарапайым халықтан (жұмысшылар, таксистер, жұмыссыздар, зейнеткерлер, мемлекеттік органдардағы кіші қызметкерлер); студенттер; шағын және орта бизнес өкілдері және зиялылар.

Негізінен сопы болып жүргендер жастар мен орта жастағы кісілер. Олардың арасынан журналистерді, жас ғалымдарды, аспиранттарды, әртүрлі фирманың қызметкерлерін, ЖОО оқытушыларын кездестіруге болады.

— Олар сопылықты ұлттық мәдениеттің кеңестік және басқа да ықпалдардан бүлінбеген, рухани азғындау жағдайында жаһандану сын-қатерлеріне қарсы қайта жаңғырту арқылы ұлттық болмысын сақтай алатын шынайы қабаты ретінде қабылдайды, — деп жазды зерттеуші Бабажанов.

Сондай-ақ сопылыққа ден қоюдың психологиялық және әлеуметтік себептері де жоқ емес. Оның ішінде әйелдер мен қыздардың оңаша орында діни ғұрыптар мен жиындар өткізу үшін арнайы жиналуы.

Кейбір қыздар өмірде өзін іздеп жүрген болуы мүмкін, біреулер қазақтың салт-санасын, құндылықтарын жете білгісі келеді, ал бірі үлкен қалаға келіп, жалғыздықты жеңуді, араласатын адамын табу мақсатын көздейді.

Басқалары үшін емделудің жалғыз жолы болып көрінеді. Исматулла шейхтің өзі сопыларша Алланы үнемі зікір ету арқылы емделуге болады деп сендіреді.

КЕҢЕСШІНІҢ ҚАЙЫН АТАСЫ

2006 жылы Алматыда Исматулла Мақсұмның «Жария зікірдің дәлелі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Аннотацияда «Зикри Жәһр» (қатты дауыстап айтатын зікір, Алланы еске алу рәсімі) Қ.А.Ясауидің діни-этикалық мектебіндегі тұлғаның рухани өзін-өзі жетілдіруі туралы «хал ілімінің» маңызды құрамдас бөлігі екені айтылады.

Бұл ілімнің мақсаты – жүректі тазарту және сананы нұрландыру, ал бұл мақсатқа жетудің практикалық әдістемесі «жария зікір» рәсімін ұжымдық түрде орындауға негізделген. Ал Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Әбубәкір Кердері ілімдерінде «жылы жүрек», «нұрлы ақыл», «жүректің байламы» секілді категориялардың болуы бекер емес. Яғни, олардың айтуынша, қазақтың біртуар тұлғалары өз заманында сопылық ілімді ұстанған. 

Қызығы сол, кітапқа белгілі ғалымдар, ғылым докторлары, профессорлар А.Момынов, М.Сәбитов, М.Мырзахметовтер оң пікір жазған.

ЖАЗА

2005 жылы және одан кейінгі жылдары сопыларға қатысты бірнеше келеңсіздіктер орын алды. Кітап жарық көргеннен кейін және «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігіне қатысты жүргізілген тексерулер нәтижесінде Исматулла мен оның жақын серіктері бас бостандығынан айрылды.

Жахристар тариқатының көсемі түрмеде отырғанның өзінде ол туралы материалдар баспасөз бетінде тұрақты жарияланып тұрды. 2019 жылы Исматулла түрмеден шықты, ал 2020 жылдың көктемінде Қазақстандағы қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жекелеген азаматтар Исматулла хақында, оның діни қайраткерлігі, аруақ қонған ата-бабасы, отанға оралғандағы көрген қиыншылықтары жайлы жарыса жазып, “Яссауи” вокалды тобының видеожазбалары интернет кеңістікте жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. 2020 жылдың наурыз айының соңында YouTube-та Исматулланың Қазақстан, Түркия, Ресей, АҚШ президенттеріне жасаған аудиоүндеуі желдей есті. Аудиоүндеуде Исматулла тақсыр аталған елдер басшыларын жария зікірге шақырады. 

УАҚЫТ КӨШІНЕ ІЛЕСУ

Өз беделін нығайту және байланыстарын кеңейту үшін сопылық ілімнің сүрлеуіне түскедер шетелден білім ала бастады, мысалы, ҚТЛ түлектері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі экс-министрі Бағдат Мусин мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те осы дүрмектен қалыс қалмады.

Мүридтер заман ағымынан қалмай, оның игіліктерін насихат жолында тиімді пайдалануда. Дінтанушы, Қазақстандағы сопылықты зерттеуші Әйгерім Темірбаеваның айтуынша, сопылар үгіт-насихат жүргізуде әлеуметтік желіні, тікелей эфирлерді, видео және аудио подкасттарды, онлайн курстарды өздерінің құралы ретінде тиімді пайдаланып отыр. 

Осы қауымдастық өкілдерін тек діни принциптер ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік және экономикалық қарым-қатынастар байланыстырады. Соның ішінде ортақ бизнес, ортақ жобалар да олардың байланыстарын сақтауына әсер етіп тұр.

ҚМДБ НЕ ДЕЙДІ?

2016 жылы YouTube-тегі Dinislam арнасында Қазақстандағы сопылық топтардың қателіктері ашып көрсетілген «Исматулла және Құрбанәлі туралы» бейнеролик шықты.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның өзінде имамдар арасында екіге бөліну байқалады. Бірі Түркияда білім алған, екіншілері араб елдерінде оқыған.

ТҮРКИЯ “ӨЗІНІҢ” ЛИЦЕЙЛЕРІНЕ ҚАРСЫ

Түркия туралы айтатын болсақ, Қазақстанда жұмыс істейтін қазақ-түрік лицейлерін (ҚТЛ) сопылық ілімді таратушылар ретінде қарастырып келді. Қазір олардың атауы «Білім-инновациялық лицейлері» болып өзгертілді.

Ресми Анкара қазақ-түрік лицейлерін АҚШ-та тұратын діни уағызшы Фетхуллаһ Гүленнің ізбасары құрған деп есептейді.  Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өзінің бітіспес жауы Ф.Гүленді 8 жыл бұрын елде әскери төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болды деп айыптайды.

Осы оқиғалардан кейін Түркия Қазақстаннан Гүленге қатысы бар деп санайтын барлық 33 лицейді тексеруді сұраған.

2016 жылдың 6 тамызында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға сапары кезінде Ердоғанмен кездесіп, қазақ-түрік лицейлерінің қызметін тексеруге уәде берді. Егер олардың терроршы Гүленге қатысы бары анықталса, кім болса да Түркияға экстрадициялайтынын айтты. Бір қызығы, еліміздегі «Білім-инновациялық лицейлері» қамқоршылық қорының басшысы ҚР Білім және ғылым министрі болды.

Саясаткерлер, сондай-ақ көптеген ғалымдар мен журналистер бұл лицейлердің оқу бағдарламасында зайырлы мемлекет қағидатына қарсы келетін және түркішіл әрі діни идеяларды сіңіретін материалдар бар деп күдіктенеді.

Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уяник билікті қазақ-түрік лицейлеріне қатысты шара қолдануға шақырды.

«Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін және «Қазақ-түрік мектебі» немесе «Қазақ-түрік лицейі» атауын қолданатын білім беру мекемелерінің біздің еліміздің мемлекеттік органдарына еш қатысы жоқ, — деп түсіндірді Невзат Уянык.

ҮЛКЕН МІНБЕРДЕГІ КІСІЛЕР

Қазақстандағы сопылар тақсыры Исматуллаға қайта оралсақ, БАҚ жазғандай, оны елімізге шығыстанушы, ҚазҰУ түлегі Ғалым Боқаш әкелген. Сопылық қауымдастық Ғ.Боқашқа қарыз болып қалған жоқ, “Қазақстан — 1” телеарнасы вице-президенттігінен Алматы қаласы әкімінің орынбасары дәргейіне дейін көтерді.

Қала әкімінің орынбасары болғанда да анау-мынау емес, идеология және әлеуметтік салаға жауапты болып бекітілді. Бұл сопылық идеяны Алматы секілді алып шаһар аумағында кедергісіз насихаттауға үлкен мүмкіндік берді. Ғ.Боқаштың әмірі қаладағы білім ошақтарына, жастар мен әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтарға әбден жүретін.

2004 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР арнайы қызметтері сопылық ағымның ұлттық қауіпсіздікке және жас мемлекеттің конституциялық құрылымдарына қауіпті екенін жоғары жаққа мәлімдеді. Алайда бұл мәлімдемеге Президент Әкімшілігі де, облыс әкімдері мойын бұрып қарамады.

Кейін 2010 жылы интернетте арнайы қызметтің бір адамының қызметтік хабарламасы тарап кетті. «Сопылық» экстремистік діни идеологиясын Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалану туралы» деп аталатын қызметтік хабарламада аталған ағым жұмысына қатысты бірқатар мәселе қозғалған.

– Жедел және жария ақпаратты талдау барысы көрсеткендей, 2009 жылдан бері деструктивті күштер тарапынан әлеуметтік жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері болып, арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер жасалып, рұқсат етілмеген жиналыстар, шерулер, митингілер өткізу ниеттері ашық айтылуда. Қазақтілді шығармашылық зиялы қауым, студенттер, ірі кәсіпорындардың жұмысшылары деструктивті пікірлерді таратудың құралы ретінде әдейі таңдалған. Конституцияға қарсы талаптар қойылуда, — делінген қызметтік хабарламада.

Олардың қатарында Қазақстанның сол кездегі басшылығынан көптеген ірі тұлғалар да болды. Талдау барысында заңсыз митингілерді ұйымдастырушылар «Исматулла Тариқаты» діни бірлестігі болуы мүмкін екені анықталды.

– 2005 жылы Алматыдағы Шәкәрім медресесінің студенті Нұржан Қасымбаев өз тамағын орып жіберген. Алайда ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М.Тәжиннің араласуынан кейін қылмыстық іс тоқтатылды.

Сектаның рухани жетекшісі Исматулла Мақсұм «Барлау» сыртқы барлау қызметінің жедел қызметкерлерінің көмегімен Қазақстаннан шығып кетті. Ясауи ілімін насихаттаудың негізгі медиа құралы 2006 жылдың көктеміне дейін Ғалым Доскен басқарған «Қазақстан-1» телерадиокомпаниясы болды.

2002-2006 жылдар аралығында телеарна «сопылардың» идеологиялық құралына айналды. “Қазақстан-1” қызметкерлері Ясауи іліміне адал ма, жоқ па, қатаң тексеруден өтетін. Бұған қарсы шыққан ондаған журналист жұмыстан қуылды.

«Алматы» телеарнасы мен «Қазрадиода» және «Алматыжарнама» АҚ-да да сопылық ұяшықтардың бар екені анықталды. Политехникалық университетте, ҚазҰУ-да және т.б. ЖОО-да «Әбжият», «Темірқазық», «Шұғат» топтары жастарды өз қатарына тартуды жалғастыра берді. Оларға техника ғылымдарының докторы, политехникалық институттың профессоры, Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Саят Ибраев қамқорлық жасады.

ДӘЙЕКСӨЗ

Сонымен қатар, бұл жазбадан тағы да үзінділер келтіргенді жөн санадық. Өйткені осыдан-ақ мәселенің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады (орфография мен тыныс белгілері сақталған).

«Сенім.Білім.Өмірге» облыс, аудан әкімдері, жоғары шенді барлау қызметкерлері белсенді қолдау көрсетуде, олардың кейбірі «сопылық» ілімін рухани-идеологиялық ұстанушылар. Мәселен, Бейнеу ауданының әкімі, ҰҚК генералдары Қ.Әбдіқазымов пен А.Исабеков бар.

Сектаға ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, …, экс-сенатор Әбіш Кекілбаев, ҰҚК генералдары Әбдіқазымов пен Исабеков қамқорлық жасағаны анықталды.

Атырауда ҰҚКД-нің бастығы мен оның орынбасары «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігінің мүддесіне жұмыс істеген. Осылайша, 2010 жылдың 4 наурызында осы тұлғалардың қамқорлығымен облыстық драма театрының ғимаратында «Яссауи» ВИА-ның концерті өтті, концерт аяқталғаннан кейін рухани тақырыпта дәріс жүргізілген.

“Сенім. Білім. Өмір” республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарған қыруар жұмыстары Қазақстандағы өзге де ұлттық-патриоттық қозғалыстардың дамуына әдістемелік көмек көрсеткенге ұқсайды. “С.Б.Ө” бірлестігі қызу жұмыс істеген аймақтарға Семей (Найман руы), Маңғыстау (Адай руы), Шымкент, Қызылорда, Атырау облыстары кіреді. БҚО әкімі Б.Ізмұхамбетов “С.Б.Ө”  белсенділеріне материалдық және әкімшілік ресурстар арқылы қолдау көрсеткен.

МҮМКІНДІКТІ МҮЛТ ЖІБЕРМЕУ

Сопылар Қазақстанда аяқтан тұрып, күш жинады. Олардың қатарында еліміздің жоғары лауазымды тұлғаларын көптеп кездестіруге болады. Сопылар түрлі медиахолдингтерді, ірі бизнесмендер мен беделді қылмыстық тұлғаларды өз қатарына қосып алған.

Олар да өз кезегінде сопылық ілімнің қанат жаюына барынша қызмет етуде, — деп жазды жекелеген басылымдар. Бір жағынан сопылар, екінші жағынан ҚМБД-ға қарамайтын өзге діни ағымдарды тексеру күшейіп, ҚМБД өз позициясын күшейтті.

Кейін белгілі болғандай, ҚМДБ сопылық ағымның деструктивті немесе бейбіт бағытта екеніне көз жеткізбестен, әуел бастан теріс пікірде болған. Соған қарағанда ҚМДБ ортодоксальды ислам ағымындағылар секілді сопылықты да, Ясауиді де мойындамайды, оны дінбұзар әрі адасқандар деп есептейді.

СОПЫ-ДЕПУТАТТАР?

2011 жылдың шілдесінде Алматыда сот процесі жалғасып, оған Қазақстандағы сопылар қауымының көсемі Исматулла, оның сенімді серіктерінің бірі Саят Ибраев және басқа да сопылық ағымды ұстанушылар айыпталушы ретінде қатысты. Айыпталушылар орындығында жалпы тоғыз адам отырды.

Айыпталушылардың бірі Саят Ибраевтың адвокаты болған, бүгінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Сенім.Білім.Өмір» бірлестігі сопылық бағытта екенін жоққа шығармады. Алайда ол бұл бірлестіктің радикалды ағымдарға еш қатысы жоқ деп мәлімдеді.

Араға 10 жыл салып, stan.kz жазғандай, Абзал Құспан (Құспанов) былай деп мәлімдеді: «…Мен елге сопылармен жұмыс істей бастағаннан кейін ғана танылдым. Көп нәрсеге көзім ашылды. Кейін Санжар Керімбай бастаған топ кітап шығарып, жұмысын жалғастырды. Кітаптың шығуына мен де атсалыстым.  … «Әлдиден эпопеяға дейін» кітабының жарыққа шығуына жеке өзім демеушілік жасадым. Бұл іске Бейсен Құранбек те көмектесті».

Ол әрі қарай: «Мені ҰҚК-нің адамы дейтіндер бар. Мен туралы қауесеттер көп. Бірақ мен олардың ешқайсысына мән бермеймін» деді. Өйткені оның айтуынша, ол құдайдан қорқады, сопы болу оңай емес және арманы — сопы болу. Ел аузында айтылып жүрген әңгіме рас болса, онда Мәжілістегі А.Құспанның әріптестері Еділ Жаңбыршин де, Ермұрат Бапи де, Ринат Зайытов та, Мақсат Толықбай да, кезінде сопылыққа қолдау білдірген Айдос Сарым да бір кемеде.

ІШКІ ЖАНЖАЛДАР

Бір жарым жыл бұрын, 2022 жылдың қараша айында Abai.kz сайтында қазақ сопыларының арасындағы дау туралы «Сопылар Қазақстандағы билікті басып алу жоспарын дайындады» деген мақала шықты.

Осы ағымды жақтаушылардың бірінің ұлы әлеуметтік желіде сопылар көшбасшысы Исматулла Мақсұмды сынға алды. Қозғалыс жетекшілерінің бірі, профессор Саят Ыбыраевқа жас жігіттің бұл әрекеті ұнамады.

Журналист әрі сопы Санжар Керімбайдың ұлы Шыңғыс Керімбай сопыларды фанатизмге шалдыққандар деп атаған.

— Ресейде Махди шығады, Путин оған көмектесіп, антихристы жеңеді» деген сопылық фанаттарды көріп, Ататүріктің фаталист түрік діндарларын неліктен қудалағанын түсінемін, — деп жазды Шыңғыс Санжарұлы.

Қазақ сопыларының арасындағы алауыздықтың себептері Serke.org сайтында толық жазылған. Бұл басылымның жазуынша, амбициясы жоғары Санжар Керімбай бүгінде қайда барса да ұлын ерте жүреді, сондай-ақ оны өзінің мұрагері ретінде таныстырып жүр. Өзі ұстазы Исматулла Мақсұмның орнын басқысы келеді.

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ

Айта кету керек, биліктегі сопылардың бәрі қауіпті емес. Дегенмен сопылық ықпалдың саясат пен басқаруға тигізетін салдарын бағалауда ескеретін факторлар бар.

Жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленген сопылар мемлекеттік мекемелерге мистикалық немесе діни тәжірибелерді енгізуге әрекеттенуі мүмкін, бұл діни кемсітушілікке немесе діннің саясатқа кері ықпал етуіне әкеледі.

Сопыларға билік тисе, зайырлы қоғам парадигмасына негізделген ғылыми-әлеуметтік зерттеулерді шектеп, қоғамның алға жылжуы мен дамуын тежеуі мүмкін.

Кейбір сопылық топтар толеранттылық пен теңдік қағидаттарына қайшы келетін консервативті көзқарастарды ұстануы мүмкін, бұл әлеуметтік жіктелуге және азаматтардың құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін.

Жалпы, сопылардың саясатқа келуі қоғамдағы белгілі бір тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Сондықтан ҚР Конституциясында жазылғандай, еліміздегі діни бірлестіктер мемлекеттен бөлек болуы тиіс.

Ата заңдағы осынау бап бұзылмаса, елдің тыныштығы да бұзылмайды. Себебі Ата Заң ел азаматтарының тыныштығына кепіл. Түрлі ағымдардың мүддесі мемлекет мүддесінен биік болмауы тиіс.

Авторы: Мәлік ЖҮРСІНБЕК.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.