Әйелге 50 жаста балалы болу кеш пе?

0
1631

50 жасқа келген әйел бала босана ала ма? 50 жаста бала босанудың қандай қауіптері бар? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне гинеколог Гүлназ Сәбитова жауап берді. 

Гүлназ Сәбитова 50 жасқа келген әйелдің бала босануы мүмкін жағдай екенін айтты.

«Әйел адам 50 жаста бала босануы мүмкін. 50 жасқа келген әйелдің өздігінен, яғни табиғи жолмен көтеріп қою ықтималдылығы — 10%. Ал басқа жағдайларда ЭКҰ (ЭКО) арқылы көтеруі мүмкін. Ал ЭКҰ жасайтын кезде түрлі факторларды ескереді. Егер отбасыда мүлдем бала болмаса немесе жасы келіп тұрмысқа шығып, балалы болғысы келетін ниеті болса, әйелдің денсаулығын ескере отырып, яғни денсаулығы жақсы болса, ЭКҰ жасатуы мүмкін. Мұндай жағдайларға әйелдің сұранысы бойынша ғана ЭКҰ жасату қарастырылған», — дейді гинеколог.

Алайда маман 50 жаста бала көтерудің қауіптері бар екенін ескертті.

«Медицина тұрғысынан, гинекологиялық көзқарас бойынша, әйелдің фертильді (бала көтеретін) жасы — 18-48 жас аралығы. Әрине, 48 жасқа дейін бала көтере беруге болады, десе де, әйелдерге 47-48 жаста да бала босанудың қауіптері бар екенін ескертеміз. Мысалы, жүрек-қан тамырлар жүйесінде өзгерістер болуы мүмкін. Қан қоюлануы мүмкін, қан қоюланғаннан кейін қан қысымы жоғарылауы мүмкін. Қан қысымы жоғарылағаннан кейін балада оттегінің жеткіліксіздігі болып, баланың шетінеп кетуіне дейін баруы мүмкін. Немесе қан кетулер болуы мүмкін. Жиі варикоз пайда болады. Осындай түрлі асқынулар болу қаупі бар», — дейді ол.

Гинеколог әйелдер үшін бала көтеретін қолайлы жасты атады.

«Біздер әйелдің орта есеппен 22 жас пен 35 жас аралығында бала босануын құптаймыз. Әрине, асқыну кез келген қыз-келіншекте болуы мүмкін. Жүктілік жақсы басталса да, кез келген уақытта асқыну беруі мүмкін. Бірақ статистикаға жүгінсек, жүкті болуға осы жас аралығы ең ықтималды және қолайлы», — деп кеңес берді Гүлназ Сәбитова.

Фото интернеттен алынды.