Жастар неге ерте «бүлінуде»?

0
636

Өткен айда Павлодарда 12 жасар қыздың босанғаны қоғамның алаңдаушылығын тудырғаны белгілі. Әлеуметтік желілерде ата-аналар қыздарының болашағын уайымдайтынын айтып жатты.

Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстанда кәмелет жасқа толмағандар арасында жүктіліктің көбейгені нақтыланып отыр деп жазады Inbusiness.kz.  Тіпті, сандар адам шошытарлық. Енді еліміз бұл мәселені ауыздықтай алмай қалуымыз да мүмкін.

Жалпы, елімізде халық саны 20 млн болса, оның 10 млн-ға жуығы әйелдер, 4 млн-нан астамы бала тууға қабілетті. Сондай-ақ 987 мың жасөспірім қыз бар. Қазақстанда қыздардың ерте жүкті болу дерегі айтарлықтай көбейген.

Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жасөспірім қыздардың босанып қалу дерегі бойынша Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 29-орында тұр. Кейінгі бірнеше жылда 15-18 жас аралығындағы қыздардың бала туу көрсеткіші 50,5 пайызға артты.

Былтыр күзде Ranking.kz агенттігі елде 2017 жылы 3,4 мың, ал 2022 жылы 5,2 мыңға жуық кәмелетке толмаған қыз жүкті болғанын жазды. Былтырғы көрсеткіште 5 мыңға жуықтады.

Шынында медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте саналады. Соған қарамастан, елімізде жасөспірімдердің 70 пайызы 15 жасқа дейін алғашқы жыныстық қатынасқа түседі. БҰҰ деректері бойынша, Қазақстандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталған.

Ерте жүкті болып қалған жасөспірімдердің 70 пайызы жасанды түсік жасатса, 15 пайызы өздігінен түсік тастайды. Қыздардың тек 15 пайызы ғана сәбиін аман-есен жеткізіп, босанады. Ал Еуропада бұл статистика әлдеқайда төмен, біздегі жағдаймен салыстырғанда 6-7 есе аз саналады. Бұның бәрі 2023 жылғы деректер.

Бізде тіпті 10 жастағы қыз баланың жүкті болып қалғаны туралы деректер бар. Ал 14 жастағы жасөспірімдердің 10 пайызы, 15-17 жастағы жасөспірімдердің 21 пайызы кемінде бір рет жыныстық қатынаста болған.

Салдарынан 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 16,7%-ы кемінде бір рет жүкті болған, олардың ішінде 62%-ы босанған, 22%-ы жасанды түсік жасатқан болса, 16%-ында жүктілік өздігінен түсік тастаумен аяқталған.

Ranking.kz агенттігі келтірген деректерге қарасақ, Қазақстанда қала мен ауыл жасөспірімдерінің босану көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық бар. Былтыр ірі елді мекендерде жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші 15-19 жас аралығындағы 1 мың қыз балаға шаққанда – 15,3, ауылдарда – 25,9 болды.

Бір қызығы, мәліметтерді өңірлер бойынша егжей-тегжейлі қарастырғанда кейбір облыстарда ауылдық жерлердегі жасөспірімдердің босану көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары екені байқалады.

Мәселен, Маңғыстау, Жамбыл облысында коэффициент 35-тен, Түркістан облысында 30-дан жоғары. Жетісу облысында жыл басынан бері 15-18 жас аралығындағы қыздардың 14 пайызы жүкті болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бір рет түсік жасатқан анадан туған сәбидің көбі гемотологиялық ауруға шалдығып, тумай жатып мүгедек болады немесе туысымен шетінеп кетеді.

Мәселен, статистика бойынша бедеулік диагнозы қойылатын 100 әйелдің 75-сінде оның бірден-бір себебі алғашқы жүктілікте жасатқан түсік болып саналады. Ерте жүктілік салдарынан бір рет түсік жасатқан ағзада жүктіліктің асқынуы жиілеп және кейінгі босануларда қан кету, уақытынан бұрын босану 2 есе артады, кейде қайта бала көтере алмау секілді зардаптары да шаш етектен.

Ал дүниежүзінде түсік тастаудың асқынуы салдарынан жыл сайын 500 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Яғни, бұл мәселе халық саулығына да тікелей әсер етеді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.