«Зорланғанын айта алмаған» дейді маман

0
306

Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Сәуле Шәкенева зорлық-зомбылыққа ұшыраған үш жасөспірім қызбен кездесіп, тағдырларын баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шакеневаның жазуынша, ол 12, 15 және 17 жастағы үш қызбен кездескен. Өкінішке қарай, олардың бәрі сексуалды сипаттағы зорлыққа ұшыраған қыздар.

«Олар әртүрлі жаста, ұлттары да әртүрлі, түрлері де бір-біріне ұқсамайды, мінездері мен тілдері де өзгеше. Бірақ, олардың қорқынышы бір, жан жаралары бір, ұяты мен үнсіздіктері бір. Олардың ешқайсысы ешкімге де зорланғандарын айта алмаған», — деп жазды Шакенева.

Сәуле Шекенева зорлық көрген қыздардың тәні мен жаны қалай ауырғанын сөзбен жеткізе алмаймын дейді. Ең бастысы, жедел уәкіл жазып өткендей, қыздардың тәні қатты ауырған.

«Бұл қыздардың жүрегі мен жаны қандай күйде болды екен? Қандай ауыртпалықты бастан кешірді екен, әлі қандай қиындыққа тап болады екен? Тән жаралары туралы айтпай-ақ қояйын. Қыздардың бірі оны зорлағаннан кейін ауырғаны соншалық, бірнеше күн бойы құйрығын басып отыра алмағанын айтты…Кеше осыны айтып жылаған қыздың қолынан ұстап, барынша қолдау білдіруге тырыстым. Отбасына жақын адам екі рет зорлағаны үшін оның кінәлі емес екенін айтып, сендіруге тырыстым», — дейді ол.

Шәкенева атап өткендей, статистика бойынша қыздарды зорлайтын адамдардың көбі оның жанында жүретін ерлер: бірі туған әкесі болса, бірі өгей әкелері, кейбірі көршісі, кейбірі туысы.

«Кім қандай жағдайда істесе де зорлық-зомбылыққа төзуге мүлде болмайды», — деп жазды ол.

Естеріңізге сала кетейік, биыл жазда Қазақстанда резонанс тудырған оқиға осы Павлодар облысында болған. Шілде айында облыс орталығында 12 жастағы қыз босанған еді. Кейін анықталғандай, оны туысы зорлаған. Қазір күдікті жындыханада екені белгілі. Күні кеше Шәкенева кездескен 12 жастағы қыз – туысы зорлаған сол қыз бала болуы мүмкін.

Бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл ол қыздың үйіне барып, отбасы қандай қиын жағдайда өмір сүргенін көрсеткен. Кейін анықталғандай, Павлодар облысындағы меценаттың бірі қыздың отбасына қаладан үй алып берген.

Фото көрнекілік үшін алынды.