Тест тапсыру мұғалімге пайда бере ме?

0
1428

30 жыл ұстаз болған маманға тест тапсырту — қате іс. Жақында баяғы жағада жасы 60 таяған іншекпен балық аулап жүргенбіз, әлгі інім жиі — жиі көлігіне барып 15-20 минуттай отыра берді.

Басында күн ыстық болғасын кондиционерге барып салқындап жүрген болар деп мән бермедім.

Соңынан көбірек жоғалғасын ауырып қалмады ма деп барып қарасам, кітап оқып отыр. Өзі дене шынықтырудан сабақ береді. Тестке дайындалып отырмын, өтпесем категориямды түсіріп тастайды дейді.

25-30 дағы жастар болса бір жөн , 20-30 жыл бір сабақты оқытқан ұстаз баяғыда ол сабақты жаттап алған шығар, енді оны тестпен қинау кімге қажеті болды екен деп ойлап қойдым.

Бұрынғыша категориясын, еңбек ақысын стажына байланысты автоматты түрде өсіріп отыру дұрыс сияқты. Ұстаз бала тәрбиесімен айналысқасын алдымен жақсы психолог болуға тиіс, әр оқушыға мінезіне байланысты өзіндік кілт тауып сөйлесе білу үлкен өнер, ал ол маманға жылдар бойы жинаған тәжірибемен келеді.

Институтты кеше бітірген жастар кез келген тестті шемішкеше шағып тастауы мүмкін, одан оны білікті ұстаз деп бағалауға бола ма?

Мен тіпті ол тестті кімдердің қалай тапсырып жүргенін әңгіме етіп отырған жоқпын, ол өзінен өзі белгілі әңгіме.

Ұстаздардың білімін көтергің келсе жыл сайын 15-20 күн тегін оқыт, әлемдегі білім саласындағы жаңалықтармен таныстыр ,нағыз ақшаны аясаң онлайн оқыт, бірақ мына тесттің пайдасынан зияны көп сияқты.

Мысалы қала болса бір жөн, ауылдағы мұғалім тест тапсыра алмай қалса не болады, оның беделіне қандай нұсқан келеді, оқушыларына не айта алады, осы жағдайларды кім ойлап жатыр ?

Менше реформаны әуелі жоғарғы оқу орындарынан бастау керек. Алдымен ондағы «бос қатынас » дегенді жою керек. Жақында бір таныстың баласы институттың есігін ашпай диплом алып келді.  Андағы «крышасына» тек ақша аудару  арқылы диплом алды.

Әбдібек Бисен Тегі

Фото интернеттен алынды.