«Намаз оқығанның бәрі бірдей емес» дейді ҚМБД өкілі

0
284

Кездесіп жүрген ер адамның діні дәстүрлі ислам да ма, әлде жат діни ағымда ма екенін қалай білуге болады?

ҚМДБ «Шариғат және Пәтуа» бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы «Жауабы бар» бағдарламасында намаз оқитын адамға тұрмысқа шыққысы келетін қыз-келіншектерге кеңес берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Өкінішке қарай, жат ағым өкілдері «мен ханафимін» деп өзіміздің дәстүрлі исламды ұстанатын қыздарды некесіне алып, алдап жатқан көрінеді. Мұндай біраз жағдайлар кездесті. Сондықтан қарындастарымызға айтатыным, жігітті жақсылап тану керек, сұрастыру керек. Ханафимін деп өтірік айтып, оның жат ағымнан болып шығуы әбден мүмкін. Ханафимін деген сөзіне сеніп қалмау керек. Оның сенімін сұрау керек. Сенімде, ақидада, таухидта қандай мәзхабты ұстанасың? «Мен құран сүннетпен жүрем» деп қана қоя салса, оның жауабы күмәнді. Ол нақты айту керек: ол Ашғари не Мәтуриди деп айтуы керек. Бұлар біздің ата-бабаларымыз ұстанып келген сенім мектептері», — дейді «Шариғат және Пәтуа» бөлімінің маманы.

Елбек Тасболатұлы жат ағымдағы адамды көрсететін бірнеше белгіні атады.

«Одан бөлек адамның жат ағымда екенін шолақ балақпен, ұзын сақалмен білінеді деп те айтылып жатыр. Бұл әрқашан емес, бірақ көбінесе шынымен де солай болады. Сосын оның намаз оқу үлгілері ханафи мәзхабына сай болмайды.

Мысалы, қайта-қайта қол көтеруі мүмкін. Намаздан кейін құран оқығанда тұрып кетуі мүмкін, бет сипамауы мүмкін. Осындай белгілері бар. Оны адам өзі ажырата алмаса, имамға келіп, мәселені сұрап алғаны жөн болады. Әсіресе тұрмысқа шығып жатқан кезде өте сақ болу керек. Бұған немқұрайлы қарамау керек. Қазір намаз оқығанның бәрі бірдей емес. Соны түсіну керек», — деп ескертті маман.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.