Министрлік мұғалімдерді сандалтуды бастады
Жаңа оқу жылы басталғанына бір апта болмай жатып-ақ мұғалімдер шаршап, сандалып бастады деп жазады Democrat.kz.
Демалыстан кейін басталған жұмысына белсеніп кірісіп, алдында отырған оқушысына білімі мен тәрбиесін алаңсыз үйретудің орнына қазір мұғалімдеріміз басқа дүниемен бас қатыруда. Бас қатыруға мәжбүр. Себебі Оқу ағарту министрлігі мұғалімдерге модуль оқу курсына баруды жүктеген.
Осы мәселеге байланысты танымал ұстаз Айман Сағидулла да әлеуметтік желіде: «Мына бір модуль деген не оқу шықты тағы? Мәә, Гани Бейсембаев ойына не келсе, соны істеп кетті-ау!?
Сабақ өтеміз бе, оқу оқимыз ба? Жұмысқа кірерде диплом тапсырған сияқты едік.
Алматы Облысының Білім Басқармасы! Мектеп басшыларының мазасын алып, тізім жібере бермеңіздерші. Уақытымыз болмай жатыр.
Айтпақшы, ана тізімде неге мұғалімдердің ЖСН нөмірлері жүр? Неге біздің ЖСН нөмірімізді таратып отырсыздар?
Заң бойынша біреудің жеке дерегін таратуға тыйым салынған. Сотқа берсем, жауап бересіз ғой Салтанат апай.
Мұғалімнің бәрінде уақыт тапшы.
Заң бойынша мұғалім курсты 3 жылдан соң өтуі керек. Құзыреттілік курсынан елдің бәрі өтті. Оның басталғанына 2 жыл ғана болды.
Оқымаса да ештеңе істей алмайсыңдар ғой. Әбден мазамызды алып жібердіңіздер» деп жазды.
Мұғалімнің алаңсыз өз жұмысын істеуіне кедергі келтіретін осындай дүниелерді министрлік әдейі, алдын-ала ойлап таба ма, әлде бұл да қоғамды жаппай сауатсыздандыруға бағытталған саяси ойын ба?
Жұрт баласын білім алуға мектепке жібереді. Ал мектептегі мұғалімдер министрліктің бітпейтін тапсырмаларымен шапқылап жүреді. Бұл қалай?
Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.