«Хасанның қолын қайырып алдыма әкеліңдерші!» дейді әнші Жанар Айжанова
Әнші, актриса Жанар Айжанова әлеуметтік желідегі парақшасында ел аузында жүрген Хасанмен түскен суретіне қатысты ойын бөлісті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жанар Айжанова желідегі сторисінде Хасанды танымайтынын, тіпті ондай адаммен суретке түскені есінде жоқ екенін айтты.
«Осы бір Хасан деген бәле болды. Онымен суретке қай жылы түскенімді білмеймін. Арқамнан келіп түскен суретке қатысты адамдарға не деп жауап беремін. Маңдайында не жазулы тұрғанын қайдан білейін? Түссе анау, түспесе «көкірек» деп тағы айтасыңдар. Үш қайнаса сорпам қосылмайтын Хасанның маған не қатысы бар? Сендер айтқаннан кейін ғана біліп жатырмын. Суретті қарасам, томпиған бала артымда тұр. Бірақ қашан және қайда екенін Құдай біледі», — деді ол видеода.
Бұған дейін ел арасында Талғардағы төбелесте қаза тапқан Шерзат Болаттың өлімінен кейін күдіктілердің «Хутор» қылмыстық тобына қатысы бар екені және аталмыш топтың басында Хасан Қасымбаев есімді азамат тұр деген әңгіме тараған болатын. Желіде Хасанмен түскен әншілердің суреттері тарап, көпшілік оларды сынға алған еді.
Кейіннен атышулы Хасан әлеуметтік желіде төбе көрсетіп, «менің еш қатысым жоқ» деп сұхбат берген болатын.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.