Бүгін министр Ғани Бейсембаевты қатты аядым

0
2463

Таяуда әріптесіміз Галым Байтук Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен оның атқарып жатқан жұмысына қатысты әлеуметтік желіде  “ерекше” жазба жариялапты.

“Ерекше” деп ерекшелеген себебіміздің бірі — әділдік таразысын тең ұстауға барынша тырысқан әріптесіміз өз жазбасына таңдаулы кісілердің ғана пікір жазуына мүмкіндік беріп, басқаларға пікір жаза алмау функциясын қолдана отырып, “үнін кесіпті». Қош, делік.

Сонымен Галым Байтук жазбасында “Қобыландыны саймен әкеле” отырып, “Мақсатты мектеп” жобасының тиімді жағын, оған қарсылық танытып жүргендер әлдекімнің сойылын соғып, ойын ойнап жүргенін жеткізіпті.

Құрметті әріптес! Кім кімнің сойылын соғып жүргенінде шаруам жоқ. Дәл осы тақырыпты үш айға жуық уақыт жазып келе жатқан  қазақтілді журналист ретінде айтарым — сіз “ерекше қазақша министр” (дұрысы “қазақы министр” болуы керек еді, амал қанша?!) деп бағалаған Ғани Бейсембаевта алты — аласым, бес — бересім жоқ.

Ешкімнің ойыншығы болған емеспін. Бәлкім біреуді “әлдекімнің ойыншығы” деушілер өздері әбден қуыршақ болып үйренген, тәжірибелі пенделер шығар.

Кім білсін, бәлкім “үлкен ойыншық” болғаны үшін де біреулер “үлкендердің” сөзін сөйлеп әдеттенген болар. Ол жағында шаруам жоқ.

Алайда “Мақсатты мектеп” жобасының ғажаптығын көре алмағаным рас. Білім саласында қызмет еткен тәжірибеме сүйеніп те, білім саласына қатысты жиі қалам тербеген журналист ретінде де, ал ең бастысы — бастауыш сыныпта баласы оқитын АНА ретінде де айтарым — министрліктің бұл жобасы түкке тұрғысыз, білім сапасына тамшы пайдасы жоқ, ал бәрінен де  қазақ қоғамының сауатсызданған үстіне сауатсыздана түсуіне себепші болатын кезекті бір жоба ғана.

Мұны анықтағыңыз келсе, интернетте кезген тест сұрақтары мен жауаптарына бір назар салсаңыз, жеткілікті.

Мектеп директоры, мұғалімдермен жолығып сөйлескенін айтады Галым Байтук. Қай мектеп, қай директор, қандай мұғалім?

Мұғалім туралы пікір айтуға кез келгеннің қақысы жоқ

Барған мектептің директоры да, мұғалімі де таңғы 8-де мектепке кіргеннен кешкі 7-8-де әрең сол мектептен шығатынын, уақыттарының 70-80 пайызы түрлі қағаз толтырумен өтетінін, бітпеген құжаттарды үйіне әкетіп, үйде толтыратынын айтты ма?

Бұл жұмыстары аздай, оған енді “Мақсатты мектеп” жобасының қосылғанын әрине, сізге мұғалімдер айта қоймас. Әлгі жобаның тестін мұғалімдер уақытылы тапсыруы керек болып, бар жұмысын жинап тастап, компьютердің алдында сағаттап отырғанын, бастапқыда ирелеңдеген интернеттің қосылуын күтіп, кейін базаның ашылуын таңға дейін күткендерін айтқан мұғалім бар ма?

Жә, тест тапсырғанда тұрған не бар дерсіз. Бұған да кеңестік дәуірдің сорлы әдетімен бас изейікші. Әйтсе де, сізбен сөйлескен мұғалімнің ешбірі неге БжБ, ТжБ дегендерді 2 сынып оқушыларына да тапсыртып, мұғалімнің миын ашытқанын айта алмады?

 Мұнан басқа, биыл оқушылардың бәрі 2 сыныптан бастап диктант жазғанынан хабарыңыз бар ма? Өзге ұлт өкілінің 2 сынып оқушысы қазақ тілінен диктант жазды!  Мұндайда сіздер “карл!” деуші едіңіздер ғой, иә?! Иә, сол “карл!” сәті қарбаласып әлгі жобамен жағаласты.

Сіз бен біз сияқты мұғалімнің де ет пен сүйектен жаралғанын ескерсек, осы айтылған шаруалардың бәрін атқаруға қанша энергия кететінін есептеп көріңізші.

Және есептей қалсаңыз, мұғалімге айлық тек бекітілген сағаты үшін ғана төленетінін, ал қалған уақыттары үшін қосымша ақы берілмейтінін де ескерерсіз.

“Мақсатты мектеп” жобасын жақтап, “керемет білім алдық” деген екі кісіні қазір бүкіл ел таниды десек, артық емес. “Қазақстан” арнасына да, “Азаттық” радиосына да “жоба керемет” деп бір зейнеткер мұғалім пікір айтқан елде “жобаның қажеті жоқ, заңсыз” дейтіндерді “әлдекімнің сойылын соғушылар” деп қаралай салу оп-оңай, солай ма?

Әріптесім, бәлкім сіз сөйлейтін тілдегі мектептердің білім сапасы жоғары, материалдық-техникалық базасы талапқа сай, мұғалімдері жасанды интеллектімен жарысатын жағдайда шығар.

«Қашпаған сиырдың уызына шақыруды» қояйықшы

Алайда Қазақстандағы менің тілімде білім беретін мектептердің жоғарыда сөз болған жағдайы — төсекке таңылған мүгедектің халіндей. Оқулықтары қатеге толы, мұғалімдері қағазбастылықтан шаршап-шалдыққан, мектеп басшылары мұғалімдерін зорықтырудан ләззат алатын қазақтілді білім ошақтары өте көп.

«Гуглды» ашып кеп жіберсеңіз, қабырғасы сөгілген мектептер мен үш ауысымда білім алып жүрген оқушылар туралы ақпаратты қиналмай табасыз. Міне, білім саласы осындай нағыз аянышты халде. Ал мұндай жағдайда білім сапасын әлдебір жобамен арттырам деу — суға сурет салғанмен бірдей!

Біздің қазақта әдемілеп айтқанда “қашпаған сиырдың уызына шақырыпты” деген, ал дөрекілеу түрі дәл осы мәселені дөп басатын ата сөзі бар.

Оқу ағарту министрлігінің қазіргі әрекетіне журналист ретінде, осы елдің азаматы ретінде, ал ең бастысы, ана ретінде осындай баға берер едім.

“Қазақша министріңіз” мемлекетті құрап отырған ұлттың мектептерінің материалдық базасын дұрыстап алмай, әлдебір тестпен мұғалімдердің білімін арттырамын деуі — жоғарыда келтірілген сөздің дөрекі нұсқасына дөп келмей ме, қалай ойлайсыз?

Талапқа сай мектеп ғимараты, әр сынып бөлмесі материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған, интернеті зуылдап тұрған,  қатесіз оқулығы мен заманға лайық білім бағдарламасы бар, дипломын сатып алмаған және аттестациядан пара беріп өтпеген мұғалімі бар елде білім сапасы әлдебір жобасыз да жоғары көрсеткішке ие болар еді.

«Мақсатты мектеп» жобасы ма, «масқараға толы» жоба ма?

Ал министрлік осы шаруалардың шешімін табудың орнына, әлдебір жобамен жұрттың басын қатыруда. Неге? “Мақсатты мектеп” жобасының діттеген мақсаты неде? “Білім сапасын арттыру…” деп басталатын жаттанды, жауыр болған жауаптан жалықтық.

Басқа “ее, солай ма?!” деп елең еткізетін жауапты “қазақша министріңізден” күтіп жүргенде, күз де бітуге жақын қалды.

Сіз айтқан әлгі “ойын ойнап” “Мақсатты мектеп” жобасына қарсылық танытқан мұғалімдер министрге қарсы шығып жүрген жоқ. Олар  — оқушыға алаңсыз білім берейік деп талап қойды. Бәлкім “қазақша министріңіз” айтпаған болар, бұл жоба енгізгелі бір тоқсан бойы мұғалімдер тиісті дәрежеде сабақ өтіп, оқушыларымен жеткілікті деңгейде жұмыс істей алмады. Себебі оған мүмкіндіктері болмады. Ал бұл мүмкіндіктің құнын  — өмірінде 45 минут 25 балаға сабақ өтпеген адамға түсіну бұйырмаған. Сондықтан әлдекімнің сойылын соғу үшін әлдекімді сойыл соқты деп жала жаппас бұрын, мәселенің мәнісін тереңнен түсінген артық болмас еді.

Осы жобаға қатысты дау туындағаннан бері “Мақсатты мектеп” жобасы — заңды, құжаттары бар” деуден әріге аспаған Оқу ағарту министрлігі күні бүгінге дейін наразы мұғалімдердің алдына шығып, “міне, құжаты!” деп ешқандай құжат көрсетпеуін “қазақша министріңіздің” қай ерекше қасиетіне жатқызамыз?

“Тек біз ақылдымыз. Тек біз ғана бәрін білеміз, басқалар екінші сорттан” дейтін ескі түсініктің заманы әлдеқашан өтті. Дәл қазір мемлекеттік тілде сөйлейтін аса білімді, өз құқығын қорғай алатын, заңды сіз бен бізден артық білетін мұғалімдер Қазақстан деген елде аз емес. Бәлкім мемлекеттік тілде талап қойып, заңсыз дүниеге құқықтық баға беріп отырған бұл мұғалімдер кейбіреулердің қытығына тиіп те отырған болар. Алайда ендігі дәуір — мемлекеттік тілде қойылатын талаптардың дәуірі екенін де мойындауға мәжбүрміз.

Әлеуметтік желідегі  пікір жазатын тетікті алып тастап, “ерекше тұлғалар” туралы тоқтамай жазу — кез келген пенденің қолынан келеді. Ондай пенделерді желдің ығына қарай түрлі жағдайлар қисайтуы да мүмкін.

Бірақ мәселе балаға қатысты болса, дүние төңкеріліп кетсе де, баланың анасын құлату былай тұрсын, қисайту мүмкін болмайтынын әйелдер қауымы жақсы біледі.

Біздің баламыз заңмен бекітілген, міндетті орта білімін өз уақытында алуға тиіс. Баламыздың мұғалімі басқа шаруамен бас қатырмауға тиіс.

Мұғалімдерінің білім деңгейіне күмән келтірсе, “ледокол министріңіз” оларды сабақтан тыс оқытатын басқа уақытты таңдағаны жөн.

Оқушының білім алуға тиіс уақытында мұғалімін әлдебір жобамен шаршату — жер шарындағы ешбір мемлекетте жоқ тәсіл шығар, сірә!? Бір жылдан бері бақылауыңызда болған, “қазақша министр”, “ледокол” деген теңеуіңізге ие болған Ғани Бейсембаев “эврика” жасағысы келсе, ең болмаса, әріп танымайтын 1 сынып оқушысының білім бағдарламасынан “Жаратылыстану” деген пәнді алып тастаса, міне, сонда  ҚР Оқу ағарту министрлерінің ішіндегі “нағыз ледоколы” болар еді.

Еліміз үретін иті қалмаған дәрежеге түсіпті

Сөз соңында айтарымыз, біреудің сойылын соғу үшін басқаға күйе жақпас бұрын, мәселеге адами көзбен бір қараудың артығы болмайды. Министр де, оның сойылын соғушылар да — бүгін бар, ертең жоқ.

Ал бүгін партада отырған біздің баламыз — осы елдің ертеңі. Біз баламызды әлдекімдердің амбициясы үшін, әлдебір жобалардың құрбаны болып, нәтижесінде сауатсыз қалсын, құлдық қамытпен өмірін өткізсін деп дүниеге әкелмедік.

Сол себепті бастауышта баласы оқитын ана ретінде, әріптес ретінде сізге айтарым, бармақты тығатын кей  жерлерді ең әуелі мықтап анықтап, тексеріп алайық.

P.S Мақала жазылып біткен тұста әлеуметтік желіде шұбырған фейктерімен менің тілімде сөйлемейтін «злобная татешка» деген біреу «Мақсатты мектеп» жобасын жақтап, министрді қорғап жазба жариялапты. Керуеннің қай кезде көшетінін білген қазақтың ұрпағымыз.

Алайда «ледокол министрді» менің тілімде жақтап, қорғап жазатын кісінің қалмауы — аянышты жағдай дер едім. Үретін иті қалмаған Қазақстанда «ледоколдарды» кімдер жақтап, қорғайтыны белгілі ғой. Десек те, Қазақстан деген мемлекеттің «қазақша министрі» Ғани Бейсембаевты қазақ деген ұлттан, қазақ тілінде жақтап, қорғайтын ешкімнің болмағаны ма? Неткен шарасыздық бұл?!

«Мақсатты мектеп» жобасы мықты болса, министр Ғани Бектайұлы менің тілімде сөйлемейтіндердің қорғауына зәру болар ма еді?  Дәл бүгін министр Ғани Бейсембаевты қатты аядым… 

Меруерт ХУСАИНОВА, журналист.

арнайы Democrat.kz. ақапарттық порталы үшін.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.