«Тұрсынбаеваларға» тықыр таянды: Елдегі коуч, психолог, ақылшылардың ақшалары тексерілмек

0
91

«Біз біргеміз» қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат ісінен кейін, құзырлы органдар халықтан ақша жинаған және қазір де жинайтын, желіде танымал, аудиториясы үлкен адамдарға тексеріс жүргізу бойынша жабық консультациялар өткізе бастады.

Келесі жылдан бастап Қаржы мониторингі агенттігі осы істің басты координаторы болуы мүмкін. DALA INSIDE дереккөзінің айтуынша, аузы дуалы жұлдыз болып жүрген біраз адамның былығы ашылуы ғажап емес.

«Қайырымдылық қорлар ғана емес, ешқандай қорсыз-ақ аудиториясынан ақша жинап жүрген, курс, басқа да заттар сатып жүргендердің арнайы реестрі туралы жабық талқылаулар жүруде. Ал қорлардың жағдайы түсінікті. Олар келесі жылдан бастап қатаң қадағалауға алынатын болады»

Тексерілетін тізімді Айнұр Тұрсынбаева, Құралай ханым, Қуаныш Шоңбай сынды коуч, курс сататын тұлғалар бастайтыны анық. Олардың банктік транзакциялары тексеріліп, салық төлеу дисциплинасына мониторинг жасалады деп күтілуде. Ақша кімнен және қайдан түсті, ақша жібергендер тиісті қызмет алды ма, ол табыстан салық төленді ме, барлығы микроскоппен қаралмақ.

«Ресейдегі «Блиновская кейсі» бізде де қайталанады. Қазақтың түрлі коучтары, блогерлері, қазірден бастап осыған дайын болуы тиіс», — дейді, дереккөз.

2023 жылы Ресейде «Тілек марафонын» өткізіп жүрген, ең атышулы блогер Елена Блиновская шетелге кетіп бара жатқан жерінен ұсталған болатын. Оған 918 миллион рубль салықтан жалтарды деген айып тағылып, алдымен үйқамаққа, одан кейін тергеу изоляторына жөнелтілген еді. Қазір Блиновская 918 миллион рубльдің 230 миллионын өтеді. Қалған қарызды төлей алмай, банкрот деп танылып отыр.

Отандық жұлдыздар да Блиновская кебін киюі мүмкін. 2025 жылы бірнеше дүркіреген сот процесі өтеді деп күтілуде. Оның барлығын ютубта ашық өткізу бойынша идеялар қолдау тауып отыр. Тек тиісті нормативтік актілерге өзгеріс енгізу қажет.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.