Ресейлік ғалымдармен бірге қазақтың тарихын жазу — ақылға қонатын нәрсе ме?

0
819

Қазақстан Ресей ғалымдарымен ортақтасып тарих жазбақшы. Қазақтың тарихын қазақтан басқа кім жаза алады? Десек те, ресейлік ғалымдармен ортақтасып тарих жазу мәселесі көтерілді және таяуда қолға алынбақ деп жазады Democrat.kz.

Қазақтың тарихын ресейлік тарихшылармен бірге отырып жазу мүмкін бе? Өзге елмен қосақтасып жазылған тарих шынайы тарих бола ма?

Осы мәселеге қатысты депутат Ермұрат Бапи: «Біз өзі қай елде тұрып жатырмыз? Қоғамды қақ жаруға кім мүдделі? Барған сайын қайда кетіп барамыз?

Ресей ғалымдарымен бірге жазылатын ортақ тарих Қазақстанның мектеп бағдарламасына енгізіледі.

Бұл туралы Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты» деп жазды әлеуметтік желі парақшасында.

Министр Бейсембаев бұған қатысты не дейді?

– Ғылыми зерттеулер жасалып жатқаны белгілі. Оны ғалымдар толыққанды шешіп болғаннан кейін оның ішіндегі мектеп бағдарламасындағы қажетті ақпараттар әрине, енгізуде негізге алынатын болады. Ол сөзсіз. Қазақстан тарихы оқулығы жазылған кезде ғылыми еңбек үнемі негізге алынып отырады, – дейді министріміз.

Министрдің айтқандарын ежіктеп он рет оқып шығыңызшы. Не түсіндіңіз? Сізді қайдам, біз түк түсінбедік.

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жолы да әдеттегі әдісіне салып, адам түсінбейтін сөйлемдерді тілге тиек еткен.

Өз тарихыңды өзге елдің ғалымдарымен жазу деген ақылға қонатын нәрсе ме?

Мұнан да сорақысы, әлгі ортақ тарихты мектеп бағдарламасына енгізу емес пе?

Ресейлік ғалымдар ортақтаспаса, қазақтың тарихы жазылмай қала ма?

Сұрақ көп. Жауабы бар ма, белгісіз.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.