Сирия халқы «қасапханаға» қарай ағылуда
Сирия халқы Башар Асад жүйесінің құлауын тойлап жатқан уақытта, туыстарын іздеген жүздеген сириялық атышулы Сайедная түрмесіне қарай ағылды. Мұнда 2011-2015 жылдары шамамен 13 мың адам дарға асылған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Сайедная» түрмесі Дамаск қаласының солтүстігінде орналасқан. Жергілікті тұрғындарды оны «қасапхана» деп те атайды. Атышулы түрме Асад жүйесі кезінде адамдарды жазықсыз ұстау, азап, өлтіру орнына айналған.
Сирияда 70-жылдардың өзінде билікке қарсы адамдар жоғалып кетіп жататын. Олар «Сайедная» сияқты түрмелерге түсіп, сол жерде азап шегетін.
Халықаралық Amnesty International ұйымының мәліметінше, мұнда 2011-2015 жылдар аралығында ғана шамамен 13 мың адам дарға асылған.
Сондықтан қарулы бүлікшілер Дамаск қаласын алған уақытта бірінші кезекте осы түрмедегі тұтқындарды босатуға күш салғанын түсінуге болады.
Жексенбі күні бүлікшілер Башар Асадты биліктен тайдырған соң, «Сайедная» түрмесінен босап шыққандар туралы видеолар тарады. Содан кейін көптеген сириялық әлеуметтік желілерде туыстарын іздеп табуға көмек сұрай бастады.
Дүйсенбі күні жүздеген сириялық түрмеге қарай ағылды. Себебі олар мыңдаған адам «қасапхананың» төменгі қабаттарында әлі қамауда отыр дегенді естіген. Түрме астындағы камераларды «қызыл секция» деп те атайды.
«Бірнеше күннен бері түрменің қызыл секциясына кіруге талпынып жатыр. Онда ауа жоқ, себебі желдеткіш істен шыққан. Адамдар қырылып қалуы мүмкін. Құдай үшін, оларға көмектесіңізші», — дейді үш бауырын іздеген Мейсун Лабут есімді әйел. Мұндай секцияның бар-жоғы нақты белгісіз. Бірақ жақындарын жоғалтқан адамдар үмітін үзбеді. «Сирия азаматтық қорғанысы» еріктілер ұйымы дүйсенбі күні түрмеге арнайы топ жіберді. Олар бетонды тесуге тырысты. Арнайы үйретілген иттерді әкелді. Бірақ олар да «қызыл секцияға» кіретін жерді таппады. Дүйсенбі күні кешке ұйым ешқандай «құпия камера» табылмағанын мәлімдеп, адамдарды жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Мәліметтерге қарағанда, Башар Асад билігі құлағаннан кейін «Сайедная» түрмесінен шамамен 3 мың тұтқын бостандыққа шыққан. Бірақ жүздеген сириялық жоғалтқан туыстарын табуға әлі де үміттеніп жүр. «Тірі ме, өлі ме – тым болмаса соны анықтағымыз келеді», — дейді 12 жыл бұрын жоғалған бауырын іздеген әйел.
Бостандыққа шыққандардың арасында 61 жастағы Сухейель Хамави де бар. Ол Сириядағы әртүрлі түрмеде отыз жылдан астам уақыт отырған.
Дүйсенбі күні Сухейль Ливанның солтүстігіндегі туған ауылы Чеккаға оралды. «Менің немерелерім бар. Ұлымның қызы мені ата деп атағанда ғана қанша жылымды жоғалтқанымды түсіндім», — дейді сириялық тұтқын.
Фото дереккөзден алынды.