Өз пікірін ашық айтқан ұстазды жұмыстан шығару — заңға да, адамгершілікке де жатпайды

0
1920

Әлеуметтік желіде әріптесім Мейрамгүл Барказатқызы туралы ақпаратты көріп, еріксіз қолыма қалам алдым.

Мейрамгүл Барказатқызы — өз ісінің шебері, саналы ғұмырын балаларды оқытуға және тәрбиелеуге арнаған құрметті ұстаз, педагог-шебер, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

Ол тек мектептің дамуына үлес қосып қана қоймай, көптеген оқушыларға өмірлік бағыт берді. Оның жетекшілігімен шәкірттері қалалық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

Мейрамгүл ұстаз 2024 жылы мамыр айында зейнетке шықса да, қол қусырып қарап отырмай, өз мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырмақ болып, 2024-2025 оқу жылына директормен келісімшарт жасаған.

Иә, елімізде зейнет жасынан кейін де зейнетке шыққан мұғалімдер мектептерде қызмет етуде.

Ал Мира Барказатқызының келісімшарты неге аяқастынан тоқтатылды?

Егер зейнеткер ұстаздың қызметі тоқтатылса, оның заңдылығы қандай негіздерге сүйенген? Нысаналы мектеп жайлы айтылған сыни пікірлер үшін бе?

Бүкіл өмірін білім саласына арнаған мұғалімді сын айтқаны үшін немесе зейнеткер болғаны үшін жұмыстан шығару – әділетсіздік, қағам алдында мұғалімдердің беделін төмендету. Білім саласы басшылары тарапынан жасалып отырған мұндай қадам – басқа ұстаздардың, жас мұғалімдердің қоғамдағы мәселелер жайлы ашық пікір айтуға деген ынтасын төмендету.

Еңбек кодексі бойынша Келісімшарт мерзімі аяқталмаған. Қызметтік этика мен адамгершілік құндылықтар ше? Маңызды емес пе?

Егер зейнеткер ұстазды жұмыстан шығаруға нысаналы мектеп жайлы айтқан сыны себеп болса, бұл Қазақстан Республикасының Конституциясындағы сөз бостандығы құқығын шектеуге ұқсайды.

Құрметті әріптестер, ата-аналар, азаматтар! Мұғалім тағдырына бей-жай қарауға болмайды. Егер ұстаз сын айтса,

сын – жүйені жетілдірудің маңызды бөлігі. Егер мұғалімнің сыны орынды болса, оны жұмыс берушілер тыңдауы тиіс.

Білім саласына өмірін арнаған жандардың еңбегі неге аяқ асты етіледі

170 мың – 200 мың теңге зейнетақысы бар зейнеткер қалай өмір сүре алады?

Шетел аралап, туристік сапарға шыға ала ма?

Немесе жай ғана емін-еркін күн көре ала ма?

Қалада коммуналдық қызметтерге кететін шығындар тағы өсті.

Міне, сондықтан зейнеткер мұғалімдер білім беру саласына қайта оралып, қосымша табыс табуға мәжбүр. Бұл олардың материалдық қажеттілігінен туындайды.

Бірақ бұл – жалғыз себеп емес.

Олар өздерінің тәжірибесі мен білімін жастарға беруді өз парызы деп түсінеді. Денсаулығы жарап тұрса, олардың жұмыста қалуы – бұл қоғам үшін үлкен игілік.

Бірақ қоғам не дейді?

«Неге үйінде тыныш жатпайды?»

«Жастарға жол берсін!»

Осындай сөздер айту оңай, ал жағдайды түсіну қиын. Жастарға жол беруді бәрі түсінеді. Бірақ зейнеткерлердің лайықты өмір сүре алмауы – бұл жүйенің кемшілігі. Зейнетақы мөлшері мен өмір сүру құны арасындағы теңсіздік оларды әлі де еңбектенуге мәжбүрлейді.

Шетелде қалай?

✓ Финляндияда: зейнеткерлер әлеуметтік кепілдіктермен толық қамтамасыз етілген. Зейнетақылары тек күн көріске емес, саяхат пен өз қажеттіліктеріне де жетеді.

✓ Жапонияда: зейнеткерлерге қоғам тарапынан ерекше құрмет көрсетіледі. Олардың тәжірибесі жоғары бағаланып, ақыл-кеңестері тыңдалады.

✓ Германияда: зейнеткерлер жақсы әлеуметтік жағдайлармен қамтамасыз етіліп, олардың еңбек тәжірибесі маңызды саналады.

Ал бізде ше?

Егер зейнеткердің өмір сүру сапасын жақсарту мүмкін болмаса, олардың жұмысқа қайта оралуына неге кедергі жасаймыз? Бұл біздің қоғамымыздың ұстарздардың тәжірибесі мен еңбегіне деген көзқарасын көрсетеді.

Бұл жағдайға бейжай қарауға болмайды. Әріптесіміз сияқты ұстаздарды қолдау – әділетті қоғамның айқын көрсеткіші.

Мұғалімдердің сыни көзқарасы мен пікірі білім беру жүйесін жетілдіруге ықпал етуі тиіс. Ұстаз беделін құрметтей отырып, олардың еңбегін бағалауды ұмытпайық.

Мұғалімнің бүкіл өмірін білім саласына арнап, елге үлгі болғанын ескерсек, оны сын айтқаны үшін немесе зейнеткер болғаны үшін жұмыстан шығару – моральдық тұрғыдан әділетсіздік, биліктің әлсіздігі

Зейнеткер ұстаздардың еңбегі – тәжірибе мен білімнің сарқылмас қазынасы. Олардың еңбегін елемеу, пікірін жоққа шығару – біздің білім беру жүйесіне деген көзқарасымызды көрсетеді.

Мен әріптесімді қолдаймын, ұстаздың пікірі тыңдалып, еңбегі бағалансын.

Құрметпен, мұғалім,

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Ы. Алтынсарин төсбелгісі иегері

«Білім беру және денсаулық сақтау» қоғамдық кеңес мүшесі

«Отбасы банк» қоғамдық кеңес мүшесі

Ақмарал ШАТЕМІРҚЫЗЫ.