«…қайтыс болғаны туралы хабар келді» деген әнші Сәкен ауыр сәтімен бөлісті
ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев марқұм ағасына арнап, жазба арнады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі ағасының қазасын әнсапарда жүргенде естісе де, халық алдына өнер көрсетуге шыға берген.
“Атам мен әжемді де, Майғазы атамнан тараған төрт ұлдың да көзін көрдім. Марқұм Қордабай әкемнің Қорғанбай, Тельман, Бегман атты інілері де бақилық болғалы біраз жыл өтті.
Бірнеше жыл бұрын әкеміздің туған інісі Тельман ағамның дендеген дертін емдеуге Алматыға алдырдық.
Шама-шарқымызға қарай шапқыладық. Мен ән сапарда жүргенімде туған інім Тәкен арқасына салып жүріп ауруханадан ауруханаға тасыды. Дәрігерлер де барын салды.
Уақыт өте ем-домын елде жалғастыратын болып ауылға аттанды. Бірақ беті бері бұрылмады. Оңалып қалар деген ой да жоқ емес”, – деп бастады әңгімесін эстрада жұлдызы.
Әншінің сөзінше, ағасын қанша уайымдаса да, гастролдік сапардан бас тарта алмаған көрінеді.
“МузАРТ” тобымен 20 күндік әнсапарға кеттік. Ағамның ахуалын сұрап ауылға күнде хабарласам. Көкшетауға келгенде Тельман ағамның қайтыс болғаны туралы хабар келді.
Ауылға кетуім керек деп шештім. Анама хабарласқанымда: “Балам, ақ қар, көк мұз, жол тайғақта Көкшетаудан Астанаға көлікпен, Астанадан Шымкентке ұшақпен, Шымқаладан Созаққа, сосын Тастыға тартпақсың…
Мені уайымнан өлсін демесең әнсапарыңды жалғастыр, жеңешең де жөні сол деп отыр. Тірісінде табанын жерге тигізбедіңдер, разымыз.
Халықтан үлкен емессің, концертіңді жалғастыра бер, батамызды береміз” деді. Жылап-сықтап болған соң үш арсыз (ұйқы, күлкі, тамақ) өзінің дегенін жасай бастады.
Кешкі концертте нар көтере алмайтын жүкті көтеріп тұрғанымды бірде-бір көрерменге көрсетпедім. “Өнер жолы – ауыр жол” екенін сол сәтте түсіндім”, – деп жазды әнші.