«Халықта насыбайдан басқа ататын түк қалмады»

0
273

Атырауда өткен ұлттық Құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев насыбайға қатысты пікірін айтты деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы. 

«Насыбай- санитарлық талаптарға сай келмейтін, лас зат. Оны тұтыну өте ұят. Насыбайдың кесірінен адам денсаулығын құртады. Тіпті обыр ауруына ұшырайды. Насыбайды сату мен тұтынуға 2015 жылы тыйым салынған-ды.

Соған қарамастан, насыбай сату тоқтамай тұр. Өзге елдер ғылым мен білімге ұмтылып жатса, біздің жастар аузына насыбай салып «аталарымыз атқан» деседі. Не деген ұят!» деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ дәл осы насыбай тақырыбы осыдан бірер күн бұрын Парламент қабырғасында да сөз болған еді. «Аманат» партиясының депутаты Амантай Жарқынбек те насыбайды сатуға тыйым салу керегін айтып, парламент мінберінен ресми сауал жолдаған еді.

Екі күннен бері насыбай тақырыбы қоғамда пікірталас тудырып, жұрт өзара ойын ортаға салуда.

Мәселен, TıkTok әлеуметтік желісінде «Аза әпенді» атымен танылған блогер: «Насыбайдан басқа шешетін проблема қалмады ма? Халықтың қолында ататын насыбайдан басқа түк қалмады ғой!» деп видео жариялады.

Осы видеоның астында пікір қалдырған қауым «Насыбайдың кәйпін білмейді-ау», «Министрлер бір атып көрсін, бастары жұмыс істейді», «Енді насыбайға штраф салатын шығар», «Насыбайды тоқтатса, Қазақстандағы бүкіл шахта жұмысын тоқтатады ғой», «Темекі өтпей жатқан соң, насыбайға тиісуде» деген сыңайда пікірлер жазуда.

Фото ашық дереккөзден алынды.