Тұрғымбаев кланға қызмет еткен бе?

0
378

Кеше кешке бірқатар ақпарат құралы экс-Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын хабарлаған. Бүгін бұл деректі Бас прокуратура растады. Осы тұста бірқатар телеграм-арналар экс-министрдің ұсталуына байланысты маңызды мәліметтерді бөлісіп үлгерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тұрғымбаев не үшін кінәлі деп танылды?

Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғау туралы арыз-талап екі жылдан бері айтылып келді.

«Чемодан госсекретов» телеграм арнасының мәліметінше, тергеу барысында Тұрғымбаевтың «шапырашты кланының» мүддесі үшін әрекет еткені туралы бұлтартпас дәлелдер пайда болған.

«Ол президент Тоқаевты қорқыту мақсатында Қаңтар оқиғасының масштабын асырып көрсеткен, тәртіпсіздікке байланысты шындыққа жанаспайтын мәліметтер берген. Сонымен қатар Алматыдағы жеке құрам қызметкерлеріне жұмыс орнын тастап кетуді бұйырған.

Тергеу кезінде Қаңтар оқиғасына қатысты басқа да маңызды мәліметтер анықталды. Тұрғымбаев ескі Қазақстанның белді өкілі Ахметжан Есімовпен тығыз байланыста болған және соның адамы деп есептеледі», — деді арна дереккөзі.

Ішкі істер министрлігін басқарған Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын ең алдымен қазақтілді медиа хабарлады.

«Біздің дереккөздердің мәлім еткеніндей, бүгін экс-Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды. Мұндай шешімді арнайы прокурорлар Тұрғымбаевқа қатысты «2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаға байланысты қызмет өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында қабылдады», — деп жазды Nege ақпараттық порталы.

Еске салайық, 20 наурызда Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы бойынша Тұрғымбаевтан жауап алғанын жария еткен.

Фото ашық дереккөзден алынды.