Димаш Джеки Чанға сыйлығын қалай берді?

0
542

Естеріңізде болса, Димаш Джеки Чанға шапан жауып, домбыра сыйлап еді ғой. Сол домбыра мен шапанның бір хикаясы бар екен. Сол туралы айтайын.

Бүгін әлгі Қытайдан келген Оспанмен тағы да шай іштім. Әңгімені сол жігіттің аузынан естідім.

Бір күні Оспанға аяқ астынан Димаштың әкесі қоңырау шалады. Өздері бұрыннан таныс екен. Негізінен, Оспан Димаштың «Мен әншімін» жобасында келісім-шарт жасасуға, құжаттарын әзірлеуге, барып кел-шауып келіне әкесі екеуі қатар жүгірген екен. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Содан, Қанат Оспанға «Бейжіңде Димаш бір маңызды кісімен кездеседі. Соған шұғыл шапан мен жақсы домбыра керек» депті. Оспан Үрімшідегі дос-жарандарына телефон соқса, бәрі тойда жүр екен.

Арасында тойда жүрген Вәлибек деген досын табады. «Осындай да осындай. Димашқа шұғыл домбыра мен жақсы шапан беріп жіберу керек. Ақшасын өзім төлеймін» дейді ғой. Вәлибек қызып алса да, тойды тастап, түні бойы зыр жүгіріп, айтылған сыйлықты табады.

Оны көлігіне салып алып, әуежайға құстай ұшады. Бейжіңге бүгін ұшатын соңғы ұшақтан беріп жіберуі керек. Көпірдің тұсында қапталдағы көлікті байқамай қалып, соғысып қалыпты. Қалай десек те жол апатына Вәлибек кінәлі. Ішіп алғаны және бар. Полиция келсе, алты айға дейін қамайды.

Соғылған көліктегі қытайға «ешкімге айтпа» деп қалтасынан үш мың доллар суырып бере салады. Сосын көлігін ыңғайлы жерге сүйреп апарып тастап, әуежайға жетеді ғой. Қырсыққанда, бергелі тұрған сәлемдемесін ешкім алмай қояды.

Ал таңертең Димаш «маңызды адаммен» кездесуі керек. Уәдеден тайса — «қазақтың жігіттері» деген атқа сын. Не істемек керек? Дереу Оспанға телефон соғады. Оспан ойланбастан «өзің қолыңмен жеткіз!» дейді. Сол соңғы рейспен Вәлибек домбыра мен шапанды Бейжіңге өз аяғымен жеткізген екен!

Қазақ жігіттері біріксе, «қазақпын» деп намысқа мінсе алынбайтын қамал жоқ-ау, осы!

Оқиға куәгер жігіттің аузынан жазылып алынды. Куәгердің аты өзгертілді.

 

Тоқтар ЖАҚАШ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.