Сіз білмейтін Түркияның түнек басқан тарапы

0
764

Осыдан 15-20 жыл бұрын ғана Түркия десе, сапалы тауарлары мен туризмі шарықтап дамыған керемет ел есімізге түсетін. Қазір де туризмі анау айтқан ақсай қоймаған бұл Түркияның біртіндеп сүйкімі кете бастағанын көзі қарақты жұрт мойындайды.

1923 жылы Осман империясы ыдырап, әлемдік картада Түркия деген мемлекет пайда болғаны баршаға мәлім. Билік басына келген Ата Түрік түрік тарихында аты алтынмен жазылған ұлы тұлға. Алайда әлем мойындаған Ата Түрікті жақтырмай, тыжырынатындар да жоқ емес.

Кезінде ауызды айға білеген ел еді

Бірден айтайық, Ата Түрікті “арапқұлдар” жек көреді. Арапқұл дегенде арабтың дінін ұлтынан жоғары қоятын надандарды айтып отырмыз. Түркияның жаңа дәуірінде Ата Түрік ел экономикасының қарыштап дамуы үшін үлкен жұмыс атқарды. Адам құқығы, оның ішінде әйел теңдігі мәселесін реттеп, түрік халқының білім алуына бар күшін салды.

Ата Түріктің заманында құрылған фабрика, зауыттардан бұл күнде санаулы ғана нысан қалғанын білесіз бе? Неге өткен заманда қарыштап дамыған Түркия бүгінде күн санап кері кетуде? Білім, медицина, экономика, ғылым саласында Еуропаға көршілес жатқан Түркия неге артта? Ата Түріктің заманында ауызды айға білеген бұл елдің қазіргі аяқ алысы қалай?

Босқындар басқан ел

Түркияның жарық жұлдызы көмескіленген дәуір соңғы ширек ғасырдан бастау алады. Әлемдік саясаттанушылар да қазіргі Түркия экономикасының ауыз толтырып айтарлық сипаты қалмағанын биік мінберлерде ашық айтып жүр. Сонау Осман дәуірін аңсайтын елдегі дүмше сарқыншақтары Ердоған билікке келген сәтте гүлденіп, қанатын кеңге жая бастады.

Мектептерде діни сауат ашу сабақтары оқытылып, медресе мен мешіт қаптады. Сирия, Иран, Ирак  секілді елдермен шектесетін Түркияны дінмен жаулап алу түк қиын емес еді. Бұл аздай, ел президенті Ердоған Сириядағы соғыстан қашқан босқындарды еліне миллиондап кіргізді.

Түріктің қазіргі «ғұламалары» кім?

Білім-ғылымға ұмтылудың орнына, түрік жастары мешіт жағалауды әдетке айналдырған. Тұтас статистикалық нәтижеге назар салсақ, қазіргі кезде Түркияның 97-98 пайызы өзін мұсылман санап, Ислам дінін ұстанады-мыс.

Әлемдік рейтингте Қазақстан 100 пайыз халқы орта білім алған ел саналса, Еуропамен көрші жатқан Түркияда бұл көрсеткіш 92-93 пайыз. Демек, 21 ғасырда Түркияда орта білімі жоқ 7-8 пайыз халық бар деген сөз. Ресми деректе 91 192 023 халқы бар елдің миллиондаған адамы әріп танымауы сізді таңырқатпай ма?

Сириядан бөлек, қазіргі кезде Түркияда пәкістан, ауған сынды ұлт өкілдері шектен тыс көп. Міне, осындай оспадар саясаттың салдары онсыз да “қашайын деп тұрған киікке” таяқ болып тиюде.

Анадан-мынадан  хадис, сүрелерді естіп алып, 2-3 арабша сөзді жатқа айтып, “мұсылманмын” деп кеуде қағатын түріктің еркектеріне қарасаңыз, шетінен “ғұлама” деп ойларсыз. Алайда бұл ел халқының шынайы жүзі сол дүмшеліктің артында жасырулы жатқанын бірі білсе, бірі білмес.

Түріктермен жақын араласқан кез келген адам мұны жақсы біледі, түрік қоғамы екі жүзділік пен өтірікке белшесінен батқаны сондай, “Аллаһ Аллаһ” деп қойып, өтірікті судай сапырады. Сенбесеңіз, кез келген түрік фильмі мен сериалын қарай салыңыз.

Түрлі кейіпке енетін түріктер

Зинақорлық, екіжүзділік, интрига, суайттық…бәрі бар. Иә,сериалдағы өмірдің 80-90 пайызы шынайы Түркияның келбеті. “Аллаһ мейірімді, мені бұл үшін кешіреді” деген сауатсыз түсініктің арқасында баласы әкесін, әкесі шешесін саудаға салатын елге айналуда.

Осы елде соңғы жеті жылымды өткізген адам ретінде айтайын, әр Рамазан айында бүкіл түрік ораза ұстаған кісінің кейпіне “енеді”. Енеді дейтініміз, елдің әрі кетсе, 10-15 пайызы расымен де ораза тұтатын шығар.

Ал басқалары реті келген жерде бірден “оразалы” бола салады. Міне, осындай “кейіптерді” бұл ағайындар барлық салада қолданады. Өйткені “Алладан күбірлеп кешірім сұрай салады, Алла да кешіре салады” деп сенеді. Кезінде алып империя болған бұл елдің айналасы бір ғасырда бұлай «өзгеріске» түсуі тәуелсіздігін кеше ғана алған Қазақстан сияқты жас мемлекетке үлкен сабақ болары сөзсіз.

Дайындаған: Ұлжан БАҚЫТ.

                                                                              Түркиядан арнайы

                                                                              Democrat.kz. үшін.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.