Атақты адамның аянышты балалық шағы
Әлемге әйгілі мультипликатор Уолт Дисней 1903 жылы АҚШ-тың ең шулы, думанды, үлкен қалаларының бірі Чикагода өмірге келді. Ол 4 жасқа толғанда, отбасы үлкен қаладан шағын ғана провинция Миссуриге көшеді. Чикагодағы тұрмыс тапшылығынан олар бұл қалада да құтыла алмайды.
Ішерге ас таппай жүрген шағында да Уолт сурет салуға деген ынтасын өшірмейді. Оның ең алғашқы сурет салар «кенебі» – үйдің қабырғасы, ал қылқаламы – қара шайыр болады.
Акварель, қылқалам оның ең жақын серіктеріне айналып, әлем тамсанар кейіпкерлерінің алғашқы эскиздерін жасап, көршілеріне сата бастайды. Жылдар өткенде оның сол суреттері еселенген бағамен аукциондарға түседі.
Диснейлер отбасы көп ұзамай-ақ Канзас-Ситиге көшіп, әкесі газет басып шығарумен айналыса бастайды. Әлі бұғанасы қатая қоймаған Уолт та ағаларына ілесіп, газет тасып, еңбекке араласады.
Уолттың әкесі Элиос тым қатал, деспоттың нағыз өзі болады. Балаларын болмашы қателігі үшін ұрып-соғып, тым ауыр жазалайды. Оның мейірімсіз болмысы мен төмпештеуінен бала Уолт өзінің туған әкесі екендігіне күмәнданады да.
Уолтқа сурет салуға түбегейлі тыйым салғысы келген әкесі оның саусақтарын ақашпен ұрып талай рет жазалайды.
Қатал әкеден бөлек, Уолттың жүрегін бірінші дүниежүзілік соғыстың ызғары да қарып, балалық шағын қараңғыландыра түседі. Жас жеткіншек соғыстың алдыңғы шебінде қару асыныпарпалыспаса да, ФранциядаХалықаралық Қызыл Крест жедел жәрдем машинасын жүргізеді.
Ол инженер ағасына қарап, қызығып, теміржолда қызмет етуді қалаған да екен. Бірақ құдіретті өнердің жолын ешнәрсеге айырбастамайды.
Бәлкім, Уолт сол болмаған балалық шағы мен зұлым соғыстың әсерінен де келешекте ғажайып ертегілер арқылы балаларға қуаныш күлкі сыйлауға ниеттенген болар?
Арман жолында
1920 жылы Уолт Дисней жарнамалық киностудияға суретші болып жұмысқа орналасады, сол жерде ол алғашқы жарнамалық фильмдерін жасай бастады. Сол уақытта ол қолмен жасалған анимация әлеміне аяқ басып, тәжірибе жинақтап, осы ісін әріқарай да жалғастырғысы келеді.
Тіпті, уақыт өте келе, Канзас-Ситиде өзінің алғашқы Laugh-O-Gram анимациялық студиясын ашып, онда келешекте өзінің әйгілі дүниелерін бірге жасайтын серіктесі, жетекші аниматоры Аб Айверкспен бірлеседі. Алайда компания көп ұзамай банкротқа ұшырап, құлдырайды.
1922-1937 жылдары ол таза шығармашылыққа ден қойып, қарапайым қызметер болып жүреді. Соғыстан кейін кино өндірісіне біржола кіріседі. 1923 жылы Дисней Лос-Анджелеске көшіп келіп,Голливудта ағасы Роймен бірге шағын анимациялық студия ашып, Уолт Дисней компаниясыныңнегізін қалайды.
1924 жылы 1 наурызда Дисней өзінің алғашқы таңғажайып фильмдері: «Теңіздегі Алисаның күнін», Льюис Кэрроллдың кітабы бойынша «Ғажайыптар әлеміндегі Алисаны» көрермен назарына ұсынады. Режиссер осы кітаптың кейіпкерінің құрметіне 1926-1927 жылдары түсірген бірқатар фильмдерін «Анимация еліндегі Алиса» деп атады (Диснейде Алисаның шытырман оқиғалары туралы 56 фильм түсірілген). Алиса жайлы фильмдерден кейін Дисней фильмдерінің өзіндік стилі қалыптаса бастады.
Әйгілі кейіпкерлер галереясы
1927 жылы шыққан «Освальд қоян» фильмі көрерменге кеңінен танылды, сондай-ақ дәл осы фильмнің кейіпкері Диснейдің әйгілі кейіпкерлерінің галереясын бастап берді. Аб Айверкс салған Мортимер тышқаны кейін Мики Маус атанып,аз уақытта бүкіл әлемге әйгілі болды.
Алғаш рет Мики Маус «Crazy Airplane» атты дыбыссыз фильмде (1928) көрінді, сол жылы ол Диснейдің алғашқы дыбыстық фильмі – «SteamboatWillie» фильмінің де (синхронды дыбыспен түсірілген алғашқы фильм) кейіпкері болды. Бастапқы серияларында тышқанды Диснейдің өзі дыбыстады.
Бұл фильм режиссер үшін сәттілікке жол ашты. Осы фильм арқылыУолт Диснейдің есімі әлемдегі ең алғаш рет дыбысты және түрлі-түсті мультфильмдердің негізін қалаған режиссер ретінде тарихта қалды.
1929 жылы Дисней «Аңғал симфониялар» циклін шығара бастады. Ал 1938 жылы «Қаңқалар биі» (1929), «Ұсқынсыз үйрек» (1932), «Үш торай» (1933) сияқты 70-тен астам серияны түсірді. Плуто (1930), Гуфи (1932) сияқты иттер, Дональд Дак (1934) секілді танымал кейіпкерлер осы фильмдерден көрінді.
Дисней 14 жасында, Канзас-Ситиде газет сатумен айналысып жүргенінде,«Ақшақар» туралы қысқаша дыбыссыз мультфильм көріп, өмір бойы есінде сақтап қалады. 1934 жылдың күзінде Дисней ағайынды Гриммдердің ертегісінің желісі бойынша сценарийдің алғашқы нобайын қағазға түсіреді.
Дисней Отто Ингландер, Эрла Хард және Тэд Сирспен бірлесіп сценарийдің соңғы нұсқасын жазып шығады. 1937 жылы 21 желтоқсанда Америка экрандарында алғаш рет ағайынды Гриммдердің ертегісі бойынша таспаланған Диснейдің «Ақшақар мен жеті ергежейлі» толық метражды анимациялық фильмі көрсетіледі. «Ақшақар» Диснейді табысқа кенелтті: атақ-даңқ, 8 млн доллар табыс және баспасөз ол жайында толассыз жаза бастады.
Осы мультфильмнен кейін толықметражды отбасылық фильмдердің дәуірі басталды. Дисней «Ақшақардан» кейін «Пиноккио» (1940), содан соң «Дамбо» (1941) мен «Бэмбиді» (1942) шығарды.
Бұдан кейін 50-ші жылдары классикалық деңгейдегі «Күлше қыз», «Питер Пэн», «Ұйқыдағы ару» секілді мультфильмдерімен балаларды қуантты.
Даму жолында
Дисней мультфильмдермен ғана емес, теледидар арқылы да балалар көптеген қызықты дүние жасай білді. Алғаш рет теледидарды балаларға арналған ойын-сауық құралы ретінде пайдаланып, «Микки Маус клубы» және «Түстердің ғажайып әлемі» сынды ойын-сауық бағдарламаларын шығарды. Осы бағдарламалар арқылы асқан танымалдылыққа ие бола бастады.
Дисней бес «Робин гуд», «Қазына аралы» және «Мэри Поппинс»секілді оскарлы кинофильмдердің түсіріліміне де қатысты. Сондай-ақ табиғат туралы тағылымды, пайдалы фильмдер де түсірді.
Саналы ғұмырында Уолт Дисней балалар уақытын тамаша өткізуіне ықпал ететін, эстетикалық ләззат сыйлап, жақсылыққа баулитын 100-ден астам анимациялық фильмдерді мұраға қалдырды.
Әр баланың арманына айналған Диснейленд
Соғыстан кейінгі жылдарда балаларға арналған ойын-сауық орталықтары мүлде болмаған еді. Уолт Дисней бұл жайында көп ойлана келе, 50 жылдары Лос Анджелеске жақын жерден орын тауып, өз мультфильмдерінің негізінде ойын-сауық саябағын ашты.
Ашылу салтанатына болашақ президент Рональд Рейган де қатысты. Паркті ашуға шамамен 17 миллион доллар қаражат жұмсайды. Бірақ Диснейленд ашылғаннан кейін туристер ағылып келетін ғажайып орынға айналып, көп пайда әкеліп, Уолт инвестициясын ондаған есе арттырады.
Қазір Уолт Дисней атындағы ойын-сауық саябақтары әлемнің түкпір-түкпірінде: Токио мен Гонконгте, Парижде, Мәскеу секілді қалаларда бар. Уолт өмірінің соңына дейін Флоридадағы екінші саябақтың құрылысымен айналысты. Бірақ оны аяқтай алмады. 1966 жылы өкпе обырынан дүниеден өтті. Істі ағасы Рой жалғастырып, 1971 жылы ашты.
Артында алып империя қалдырған Уолт Дисней
Уолт Дисней өмірден өткен соң, оның мәңгілік өмірі басталды, есімі өшпестей боп сақталып қалды. Тіпті, анимациялық студия Уолттың шабыцт сыйлар идеясынсыз-ақ,оның режиссерлік стилін сақтап, алып корпорацияға айналды.
Қазір компания қарамағында 11 саябақ, телеарна, дыбыс жазу алаңы, ірі киностудиялармен қатар театр да бар.
Уолт Диснейдің жеке рекордын ешкім де жаңарта алмай келеді. Оның Оскар статуэткаларынан бөлек, көптеген айтулы номинациялары да бар. Әрине, оның қол жеткізген атағы емес, әлемдік мультипликацияға қосқан үлесі ешнәрсемен өлшенбейтін байлыққа айналды.
Оның атындағы саябақтарға бару әрбір баланың арманы болды. Ал ең бастысы оның өмір жолы мен ешбір қиындыққа қарамай, арманына адымдап жүрген қайтпастығы адамзат үшін жақсылық жасағысы келетін жан үшін үлгі болып қалды.
Айжан ҚҰРМАНБАЙ,
«Адырна» ұлттық порталы.