Оқушы олимпиадада жеңсе, мұғалімі ақшалай сыйлық ала ма?

0
1426

Дайындаған оқушысы білім бәсекесінде жүлделі орын алған мұғалімдерге қандай жағдай жасалады? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

Қазақстандық оқушылардың биылғы нәтижесі қандай?

2024 жылы халықаралық олимпиадаларға 666 оқушы қатысып, 299 оқушы жеңіске жетті. Оның ішінде 27 оқушы алтын, 119 оқушы күміс, 151 оқушы қола, 2 оқушы Құрмет грамотасын алған.

ҚР құрама командасының тренерлерінің есебі бойынша Қазақстан математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) 25-орын, математикадан Балқан олимпиадасында (BMO) 3-орын, жасөспірімдер арасындағы математикадан Балқан олимпиадасында (JBMO) 3-орын, қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиадада (EGMO) 17-орын алған.

Ақшалай сыйақы беріле ме, берілсе қанша?

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы беріледі. Сыйақы көлемі мынадай:

1) I дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерін дайындаған педагогқа базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде (базалық лауазымдық жалақы 17697 теңге мөлшерінде);

2) II дәрежелі диплом мен күміс медаль иегерін дайындаған педагогқа базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде;

3) III дәрежелі диплом мен қола медаль иегерін дайындаған педагогқа базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде.

«Жеңімпаз бен жүлдегер дайындаған мұғалім 2024 жылғы көрсеткіш бойынша алтынға 468 970,5 теңге; күміске 309 697,5 теңге, қолаға 150 424,5 теңге алады», — деп жазылған ресми жауапта.

Ал оқушы алтын медальге 5 538 000 теңге, күміс медаль үшін 3 692 000 теңге, қола медаль үшін 1 846 000 теңге алады.

Оқушы алған орынның аттестацияда мұғаліміне көмегі бола ма?

«Республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың, конкурстардың, жарыстардың жеңімпазын немесе жүлдегерін дайындаған педагогтерге кезекті аттестаттаудан кейін кемінде 2 (екі) жыл өткен соң біліктілік санатын мерзімінен бұрын өтуге мүмкіндік беріледі және мұғалімнің портфолиосында оқушы жетістіктері ұпайлар санымен ескеріледі», — деп жазылған ресми жауапта.

Тағы қандай жеңілдік қарастырылған?

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, 2022 жылдан бері Президенттің тапсырмасы бойынша әлемдегі ең ірі 7 олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы тағайындалған.

Жеті халықаралық беделді олимпиада: Математикадан халықаралық олимпиада (IMO), Биологиядан халықаралық олимпиада (IBO), Химиядан халықаралық олимпиада (IChO), Физикадан халықаралық олимпиада (IPhO), Информатикадан халықаралық олимпиада (IOI), Географиядан халықаралық олимпиада (IGeO), Лингвистикадан халықаралық олимпиада (IOL).

«Алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады және еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі», — деп жазылған жауапта.