Назарбаевтың ұлы билікке келе ме?

0
598

Бірқатар лауазымды қызмет атқарған мемлекет қайраткері, Шымкенттің экс-әкімі Амалбек Тшан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлы Тауманның билікке дайындап жатқаны туралы сөздерге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Dalanews.kz

«Айтатыным бір-ақ нәрсе. Назарбаевтың сонша дүние жинағаны дәлелденген нәрсе. Қызында миллиард, күйеубаласында миллиард, немересінде миллиард. Сол ақшаның бәрін ұрлап, емін-еркін жүргені қалай? Қалай оған ондай мүмкіндік туды? Неге? Олардың бәрі жауап беруі керек қой. Баласы ертең бола ма, болмай ма (билікте) бір құдай біледі.

Мен өзім де жақында Дубайға барып келдім. Кіші ұлыммен 10 күндей болып қайттым. Мен құрылысшымын ғой. Дубайдағы барлық құрылысты, 6-7 миллион адамды әкеліп, жұмыс беріп, керемет қала тұрғызғанын көргенде жылағым келді. Неге бейшарамыз сонша? (…) Оларда құмнан басқа ештеңе жоқ. Бізде бәрі бар. Алтынға бөленіп отырған халықпыз. Неге кедейміз? Неге бейшарамыз?

Астананың құрылысының бәрі Қытайдың керамогранитімен салынған. Сонда 160 миллиардерді шығару үшін Астанаға көшірдік пе?», — дейді Амалбек Тшан Демкоратиялы Қазақстан YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін 26 наурызда экс-президент Назарбаевтың қайда жүргені айтылған еді. Телеграм арналарда Нұрсұлтан Назарбаевтың бір топ студентпен түскен суреті тарай бастады.

“Чемодан госсекретов” телеграм арнасындағы мәлімет бойынша, экс-президент Абу-Дабиде жүр.

Дереккөздердің мәліметінше, Назарбаев 19 наурыздан бері Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр.

Ол шетелде оқып жүрген ұлымен кездесуге барған.

Айта кетейік,былтыр қарашаның басында DALA INSIDE телеграм арнасы Нұрсұлтан Әбішұлының көз майын тауысып кітап жазып жатқанын хабарлаған. Арнаға жеткен мәлімет бойынша Назарбаев өзі өмірден өткесін соңынан сөз ергенін қаламаған. Сондықтан осы отыз жылда бастан кешкенін бір кітапқа сыйдыруды жөн санаған.

Кітапта саяси айтыс-тартыстан бөлек, жеке өміріне қатысты қым-қуыт оқиғаларды жіпке тізеді. Тоқалы бар (екінші отбасы) екенін тұңғыш рет мойындайды. Әсел Исабаеваға ес-түссіз ғашық болғанын айта келе, екеуінің арасындағы махаббат хикаясын майын тамызып баяндайды.

Одан туған екі ұл — Тауман мен Бәйкеннің ұрпақ сабастығын жалғап, әулеттің үзілгелі тұрған үмітін қайта тірілткенін әңгімелейді.

Назарбаевтың қос мұрагері — ат жалын тартып мінер жасқа жетті. Тауман 2006 жылы өмірге келсе, Бәйкен 2008 жылы дүние есігін ашқан.

Фото ашық дереккөзден алынды.